Қазақстандық жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндірушілер таңбалау жүйесінде тіркеле бастады

    2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі. Нарық қатысушылары жаңа талаптарға қазірден дайындалып жатыр: таңбалау жүйесінде тауар айналымына қатысатын 55 субъект тіркелді.

    Жеңіл өнеркәсіп үш негізгі топқа біріктірілген 20-дан астам шағын саланы қамтиды: тоқыма өнеркәсібінің үлесі – 61,3%, киім өндірісінің үлесі – 32,2%, ал былғары және оған жататын өнімдер өндірісінің үлесі – 6,5%.

    Салада 1419 кәсіпорын жұмыс істейді (1382-сі – шағын, 29-ы – орта, 8-і – ірі). Оның ішінде тоқыма өнеркәсібінде – 492 (34,6%), киім өндірісінде – 802 (56,5%), былғары және оған жататын өнімдер өндірісінде 125 кәсіпорын (8,8%) бар.

    Сала қызметкерлерінің тізімдік саны 18,3 мың адамды құрайды.

    Міндетті таңбалауды енгізуге дайындық аясында Министрліктің 2026 жылғы 10 қыркүйектегі №450 бұйрығымен «Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және олардың қадағалану қағидалары» бекітілді.

    Цифрлық таңбалауды енгізу өнімнің заңсыз айналымын азайтуға, тауар нарығының ашықтығын арттыруға, сондай-ақ адал жұмыс істейтін отандық өндірушілер мен импорттаушылар үшін тең әрі бәсекеге қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Жаңа жүйе тауарларды айналымның барлық кезеңінде қадағалауға және өнімнің заңдылығын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

    Қазақстанда отандық кәсіпорындар нарықтағы орнын біртіндеп нығайтып келеді. Ал цифрлық таңбалауды енгізу нарықтың ашықтығын арттырып, өнімнің заңсыз айналымын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл отандық өндірушілердің дамуына да қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.

    «Маркетплейстерде заңды жұмыс істеп, барлық салығын төлейтін және қажетті сертификаттарын алған отандық өндірушілер кедендік баж төленбей, көлеңкелі жолмен әкелінген тауарлармен бәсекелесуге мәжбүр. Жаңа жүйе әрбір тауардың зауыттан шыққан немесе елге әкелінген сәтінен бастап кассада сатылғанға дейінгі жолын қадағалайды. Цифрлық таңбалау қазақстандық сатып алушылардың елімізде өндірілген киім мен тоқыма өнімдеріне деген сенімін нығайтуға көмектеседі деп ойлаймын», – дейді Қарағандыдағы «Тандем XXI» ЖШС тігін кәсіпорнының басшысы Людмила Мартюхина.

    Кәсіпкердің пікірінше, таңбалау кәсіпорындардағы қойма есебін жүргізуді жеңілдетуге, тауарларды қабылдау және жөнелту кезіндегі қателерді азайтуға, сондай-ақ тауардың кем шығу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.

    QazTextileIndustry жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігі таңбалаудың қазақстандық өндірушілер үшін ғана емес, заңнама талаптарын сақтайтын адал импорттаушылар үшін де маңызды екенін атап өтеді.

    «Шығу тегі белгісіз тауарлардың үлесі азайса, заңды жұмыс істейтін барлық нарық қатысушыларының орны нығая түседі. Отандық өндіруші үшін бұл — өнім сапасы, бағасы, қызмет көрсету деңгейі және бренді арқылы әділ бәсекелесуге мүмкіндік. Ал ресми импорттаушы үшін тауарды заңды әкелуге және таратуға салған қаражатының қорғалуын білдіреді», – дейді QazTextileIndustry басқарма төрағасы Гульмира Уахитова.

    Гульмира Уахитованың пікірінше, көлеңкелі айналым көлемінің азаюы отандық өндірістік қуаттарды пайдалану деңгейін арттыруға, шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуге және ішкі нарықтағы қазақстандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға ықпал етеді.

    Таңбалау қалай енгізіледі

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 12 маусымдағы №431 «Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025–2026 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасын бекіту туралы» қаулысы аясында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 22 қарашадағы №330-НҚ бұйрығымен жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды енгізу кезеңдері бекітілді:

    ●2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастапбылғары мен жасанды үлбірден жасалған жекелеген бұйымдарға, киімнің кейбір түрлеріне, шаңғы костюмдеріне, төсек-орын жабдықтарына, асхана және асүй тоқыма бұйымдарына міндетті таңбалау енгізіледі.

    ●2027 жылғы 1 наурыздан бастапбұл талап сырт киімнің жекелеген түрлеріне, свитерлерге, кардигандарға, жейделерге, блузкаларға, мойынорағыштарға және тауарлардың басқа да санаттарына қолданылады.

    ●2027 жылғы 1 қазаннан бастаптаңбалау тауарлардың қосымша санаттарына, соның ішінде костюмдерге, көйлектерге, белдемшелерге, шалбарларға, комбинезондарға және спорттық костюмдерге енгізіледі.

    Міндетті таңбалау аясында әрбір тауар бірлігіне бірегей Data Matrix коды түсіріледі. Таңбаланатын өнім туралы мәліметтерTanbaақпараттық жүйесінде тіркелуге тиіс. Бұл тауарларды сәйкестендіруге және олардың өндірушіден немесе импорттаушыдан соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын айналымның барлық кезеңінде қадағалауға мүмкіндік береді.

    Тұтынушылар таңбаланған өнімнің түпнұсқалығын тексеріп, ол туралы ақпарат алу үшін тегін Naqty Ónim мобильді сервисін пайдалана алады. Тексеру мүмкіндігі Forte, eGov Mobile және Aitu мобильді қосымшаларында да қарастырылған.

    Бизнес жаңа талаптарға қалай дайындалып жатыр

    2026 жылғы қыркүйектен бастап кәсіпкерлерге тауарларды тіркеуге, жүйенің мүмкіндіктерімен танысуға және цифрлық таңбалау үдерістерін сынақтан өткізуге арналған тестілік орта жұмыс істейді.

    2 қарашадан бастап нарық қатысушыларына негізгі ақпараттық жүйеге кіру мүмкіндігі берілді, онда өз өнімдеріне таңбалау кодтарын алдын ала тапсырыс беруге болады.

    Сала кәсіпкерлерін қажетті ақпаратпен қамтып, жаңа талаптарға іс жүзінде дайындау үшін Бірыңғай оператор әр сәрсенбі сайын сағат 15:00-де тегін оқыту вебинарларын өткізеді. Кәсіпкерлер сұрақтарын арнайыTelegram чатындақоя алады немесе 8 800 080 65 65 нөмірі арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін қолдау қызметіне хабарласа алады.

    Сондай-ақ Telegram-дағы +7 708 825 32 72 (@Tanba_CC) нөмірі,[email protected]электрондық поштасы және @Tanbakz_bot чат-боты арқылы кеңес алуға болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары