Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық және гуманитарлық байланыстарды дамыту перспективаларын талқылады.

Аймақ басшысы облыс Франциямен серіктестік қарым-қатынасты нығайтуға және түрлі салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
– Біз Француз Республикасымен достық және серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға зор мән береміз. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз. Француз тарапының нақты ұсыныстарын қарауға, кәсіпорындар мен ұйымдар арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесуге, сондай-ақ бірлескен инвестициялық және іскерлік жобаларды іске асыруды қолдауға қуаныштымыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі өңірдің экономикалық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері мен бизнесті қолдау шаралары туралы айтып берді.

Атап айтқанда, өңір аумағында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді, онда салық және кедендік преференциялар қарастырылған, сондай-ақ қажетті инфрақұрылым құрылған.
Бүгінде Қарағанды облысында француз капиталының қатысуымен екі кәсіпорын жұмыс істейді: біреуі – қаржы және сақтандыру саласында, екіншісі – кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте.
Өзара іс-қимылдың тағы бір бағыты – сумен жабдықтау. SUEZ International SAS француз компаниясы «Қарағанды Су» компаниясымен су ресурстарын басқару және оларды ұтымды пайдалану саласында ынтымақтасады.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар да дамуда. Қарағандыда француз тілі мен мәдениетін ілгерілетумен айналысатын Француз Альянсы жұмыс істейді. Сондай-ақ, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде EPC Groupe компаниясымен ынтымақтастық аясында бұрғылау-жару жұмыстары бойынша мамандандырылған оқу аудиториясы ашылды.

– Біз Қарағанды облысымен экономикалық, өнеркәсіптік, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университетте EPC Groupe француз компаниясының оқу аудиториясының ашылуы осындай өзара іс-қимылдың мысалы болды. Бұл жоба білікті инженерлерді даярлауға, студенттерді біздің технологияларымызбен таныстыруға және оларға тау-кен өнеркәсібінде сұранысқа ие практикалық білімді беруге мүмкіндік береді. Бұл бастама француз бизнесі, жоғары оқу орны және өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындары арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік үшін негіз болады деп үміттенеміз, – деп атап өтті Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге.
Жаңа аудитория бұрғылау-жару жұмыстарын тереңдетіп зерттеуге, заманауи өндірістік технологияларды игеруге және болашақ тау-кен инженерлерінің практикалық дағдыларын дамытуға арналған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









