2026 жылғы 12 қарашада Антальяда (Түркия) өтіп жатқан COP31 халықаралық климаттық конференциясында Қазақстан павильонында «Болашақ ғимараттары: энергия тиімділігі, климаттық орнықтылық және қолжетімділік» тақырыбында панельдік сессия өтуде.
Сессия жаңа құрылыстың энергия тиімділігін арттыру, қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту, энергия тұтынуды азайту және энергия ресурстарына жұмсалатын шығындарды қысқарту мәселелеріне арналған.
Сессияны өткізуге «Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ бастамашы болып, Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) қолдау көрсетуде. Спикерлер қатарында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Арман Қалықов, «Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Бауржан Смагулов, Қаратай муниципалитетінің халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Фуат Өзжан және Германия энергетикалық агенттігінің (dena) өкілі Гүлжан Тлеукенова бар. Сессия модераторы - Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Елдос Абақанов.
Сессия аясында ғимараттардың энергия тиімділігін қамтамасыз етудің практикалық тәсілдері қарастырылуда. Олардың қатарында энергия аудитін жүргізу, энергия тұтыну деректерін талдау, цифрлық мониторинг құралдарын қолдану және энергия ресурстарының нақты үнемделуін бағалау бар. Құрылыс пен нысандарды жаңғырту кезінде белгіленген талаптарды өлшенетін нәтижелерге айналдыруға ерекше назар аударылуда.
Сессияға қатысумен қатар, Орталықтың COP31 аясындағы жұмыс бағдарламасы бірқатар іскерлік кездесуді қамтиды. Бауржан Смагулов энергетика, энергия үнемдеу және ғимараттардың энергия тұтынуын басқару салаларында жұмыс істейтін түркиялық YEO Teknoloji, VEN ESCO және VAT Enerji компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді. Кездесулер шетелдік әріптестердің практикалық тәжірибесімен және энергия ресурстарын ұтымды пайдалану тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді. Мұндай тәжірибе алмасу ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындауға және Қазақстанда энергия тиімді шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін зерделеуге ықпал етеді. Сондай-ақ энергия тиімді технологияларды енгізу тәжірибесі мен одан әрі ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау үшін Enve MEP, Turyapı Grup, Escon Enerji және Onur Enerji компанияларының өкілдерімен кездесулер жоспарланған.
Панельдік пікірталас жекелеген пилоттық жобалардан кең ауқымды қолданысқа көшуге кедергі келтіретін факторларға, сондай-ақ нормативтік, қаржылық және ұйымдастырушылық тетіктерге қажетті өзгерістерге арналған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







