ОТЫРАРДА ПОЛИЦИЯ АРДАГЕРЛЕРІ КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

    1 / 17

    10 қараша – Полиция ардагерлері күніне орай Отырар ауданында салтанатты жиын өтіп, «Отырар полициясы» атты кітап-альбомның тұсаукесері ұйымдастырылды.

    Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Берік Нышанбаев, ішкі істер саласының ардагерлері мен сала қызметкерлері қатысты.

    Жиында аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы еселі еңбектеріне тоқталды. Сондай-ақ аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының атынан ішкі істер саласының тарихын түгендеп, кейінгі ұрпаққа құнды мұра қалдырған кітап авторы Жұмахан Әбдіқадірұлына Алғыс хат табыстады.

    Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, Отырар ауданының Құрметті азаматы Жұмахан Әбдіқадірұлының авторлығымен жарық көрген «Отырар полициясы» атты кітап-альбомның тұсауы кесілді.

    Көлемі 380 бетті құрайтын еңбек Отырар полициясының 55 жылдық тарихын қамтиды. Кітапта аудандық ішкі істер бөлімінің қалыптасу кезеңдері, ел тыныштығын күзеткен азаматтардың өмір жолы мен қызметтік жетістіктері, сондай-ақ сала ардагерлерінің өнегелі істері кеңінен баяндалған.

    Жиын барысында ардагерлер сөз сөйлеп, кітаптың тарихи және тәрбиелік маңызына тоқталып, авторға ризашылықтарын білдірді.

    Полиция ардагерлері – ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қажырлы еңбек еткен, кейінгі буынға өнеге көрсетіп жүрген құрметті тұлғалар. Олардың өмір жолы мен мол қызметтік тәжірибесі жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары