Н. КӨШЕРОВ: «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ ТҰТАС ӨҢІРДІ ҚАМТЫП, САПАЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ ТИІС

    1 / 4

    Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасын өңірде сапалы әрі жүйелі жүзеге асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Жиында өңірдегі кітапхана саласының қазіргі әлеуеті жан-жақты сараланып, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер пысықталды.

    Жиында облыс әкімі кітап оқу – өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт қалыптастырудың маңызды жолы екенін атап өтті. Мемлекет басшысының «Кітап оқу – жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтайтын рухани қалқан» деген сөзін негізге ала отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды формальды есеп үшін емес, сапалы деңгейде жүзеге асыру қажеттігін айтты.

    – Жобаны тек қағаз жүзіндегі науқаншылдыққа айналдырмау керек. Барлық іс-шара ауқымды әрі креативті идеялармен толықтырылып, тарих пен ұлттық құндылықтарды насихаттаумен тығыз байланысуы тиіс. Тұтас өңірді қамтитын стратегиялық жоспар нақты нәтиже беруі шарт, – деді Нұралхан Көшеров.

    Өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бақытжан Садықов қазіргі таңда Түркістан облысында халыққа 391 кітапхана қызмет көрсететінін жеткізді. Сала инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жыл басынан бері Бәйдібек, Түлкібас және Сарыағаш аудандарында үш ауылдық кітапхана жаңадан ашылып, сегіз кітапхана заманауи үлгідегі жаңа ғимараттар мен мәдениет үйлеріне көшірілген.

    Жиында саланы цифрландыру және материалдық-техникалық базасын жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, аудандық және қалалық кітапханаларға облыстық «Фараб» кітапханасында қолданылатын заманауи ИРБИС автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесін бірыңғай орталықтандырылған жүйе ретінде енгізу жұмыстары қолға алынған. Жергілікті бюджет есебінен кітап қорын толықтыруға бөлінген қаражаттың нәтижесінде жаңа әдебиеттерді сатып алу қарқыны артып, жалпы кітап қоры 6 миллион данадан асқан.

    «Кітап оқитын ұлт» марафонының ауқымы да кеңейіп келеді. Бүгінде өңірден 13 321 оқырман марафонға қатысып, кітап оқыған. Ал жинақталған жалпы ұпай саны 9 миллионнан асқан. Мектеп оқушылары, колледж студенттері, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, әулеттер, зияткерлер және «Парасат» бағыты бойынша мыңдаған азамат белсенділік танытуда.

    Кітап оқу мәдениетін насихаттау мақсатында өңірде бірқатар инновациялық және дәстүрлі жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Жылжымалы кітапхана» жобасы аясында шалғайдағы 34 елді мекенде, сауда орталықтарында, жастар ресурстық орталықтарында, әскери бөлімдерде, оңалту орталықтары мен балалар ауруханаларында арнайы кітапхана пункттері ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.

    Сонымен қатар «Алтын формуляр», «12 айда – 12 кітап», «Кітап үні» (көзі көрмейтін азаматтарға арналған аудиоқор), «Түнгі кітапхана», «Құмсағат», «Фараб оқырман клубы» және «KoneBook» жобалары оқырмандар тарапынан жоғары бағалануда. Халықаралық ынтымақтастық аясында Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан кітапханаларымен меморандумдар жасалып, тәжірибе алмасу жұмыстары жолға қойылған.

    Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне «Кітап оқитын ұлт» жобын аудандық және қалалық деңгейде одан әрі жандандырып, атқарылатын жұмыстардың ауқымын кеңейтуді міндеттеді. Сондай-ақ оқырмандар мен жастардың сұранысын мұқият зерделей отырып, кітап қорын заманауи көркем, тарихи және танымдық әдебиеттермен жүйелі түрде толықтыруды тапсырды.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары