Ақтөбе қаласында полиция қызметкерлері мен №30 қазақ орта мектебінің жас жол инспекторларының қатысуымен "Үлгілі жүргізуші – 2026" республикалық акциясы ұйымдастырылды.
Бастаманың басты мақсаты – жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтайтын, көлік жүргізу мәдениеті жоғары азаматтарды өзгелерге үлгі ету, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Акция барысында полиция қызметкерлері жүргізушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңызын түсіндірді. Ал жас жол инспекторлары көлік тізгіндеген азаматтарға жол қозғалысы қағидаларын еске салып, шараның өтуіне белсенді атсалысты.
Акция аясында жыл басынан бері жол қозғалысы қағидаларын бұзбаған әрі жол-көлік оқиғаларына қатыспаған 10-нан астам жүргізуші Ақтөбе облысы полиция департаменті басшылығы атынан алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Мұндай бастамалар жолда тәртіп сақтап, өзге адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарайтын жүргізушілерді ынталандырып, қоғамда жоғары жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









