Интернеттегі күмәнді жұмыс ұсыныстары есірткі заттарын таратуға, ал банк деректерін бөгде адамдарға беру заңсыз қаржылық схемаларға қатысуға әкелуі мүмкін. Осындай қауіптердің алдын алу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері Семейде өткен "Мемлекет және жастар" LEGAL TALK акциясы аясында талқыланды.
Кездесу "Заң мен тәртіп" идеологиясын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар апталығы аясында ұйымдастырылды. Оған қаладағы барлық колледждердің өкілдері қатысты. Студенттермен Абай облысы полиция департаментінің, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері және облыстық әкімдік өкілдері кездесті.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ержан Ақбаев жастардың есірткі қылмыстарына тартылу қаупіне тоқталды. Оның айтуынша, тұрақты табысы жоқ жастардың тез ақша табуға деген ұмтылысын есірткі саудасымен айналысатындар өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, облыста анықталған 171 есірткі қылмысының 30-ы 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтардың қатысуымен жасалған. Оның 10-ы есірткі заттарын жасырын орындарға қалдыру арқылы таратуға байланысты.
Студенттерге "оңай ақша" табуға уәде беретін ұсыныстардың артында қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттер тұруы мүмкін екені ескертілді. Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жұмыс ұсыныстарына сын көзбен қарап, жеке деректерді, банк шоттарының мәліметтері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеудің маңыздылығы түсіндірілді.
Кездесу барысында төбелес пен буллингтің алдын алу, экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл және интернеттегі қауіпсіздік мәселелері де қозғалды. Жастарға айналасындағылардың қысымына ермеу, өз әрекеттерінің, соның ішінде виртуалды кеңістіктегі іс-қимылдарының салдарын алдын ала бағалай білу қажеттігі айтылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, әр адамның өз таңдауы мен әрекеті үшін жауапты екенін ұғындыру. Күмәнді ұсыныстардан бас тарту, буллингке және жанжалдарға араласпау – жеке қауіпсіздік пен болашаққа жауапкершілікпен қараудың маңызды көрінісі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









