Алматы қаласында адам өмірін құтқару жолында батылдық пен жанқиярлық танытып, азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткен полиция қызметкерлеріне арналған Ішкі істер министрлігінің дәстүрлі "Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы өтуде.
Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл ауқымды шара еліміздің әр өңірінен келген ішкі істер органдарының қызметкерлерін біріктіреді. Биыл акцияны өткізу орны ретінде Алматы қаласы таңдалды. Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ еліміздің түрлі өңірінен келген ерлік көрсеткен полиция қызметкерлері қатысуда.
Салтанатты шара қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Қатысушылар ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолында жанын қиған азаматтардың рухына тағзым етті.
Іс-шараның ашылуында Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов тарихи жадты сақтау, ардагерлерге құрмет көрсету және бүгінгі полиция қызметкерлерінің еңбегін бағалаудың маңызын атап өтті.
- Ерлік тек марапатпен өлшенбейді. Нағыз батылдық қиын сәтте жауапты шешім қабылдап, қауіп-қатерден тайсалмай, өзгенің өмірін өз өмірінен жоғары қоя білуден көрінеді. Полиция қызметінің шынайы мәні осындай әрекеттерден байқалады. Бүгінгі қаһармандар – жас ұрпаққа лайықты үлгі. Олар Заң мен Отанға қызмет ету ең алдымен адам алдындағы жауапкершіліктен басталатынын айқын көрсетіп отыр, – деді Айдын Кабдулдинов.
Акция барысында ұрпақтар сабақтастығына да айрықша назар аударылады. Ардагерлердің бай тәжірибесі, кәсіби шеберлігі мен қызметтік дәстүрлерге адалдығы – қазіргі полиция қызметінің маңызды негіздерінің бірі.
"Қазіргі заман қаһарманы" акциясы ерлік көрсеткен полиция қызметкерлерінің еңбегін дәріптеп қана қоймай, адам өмірін қорғауды, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және қызметтік борышына адал болуды өмірлік ұстанымына айналдырған жандарға деген қоғамдық құрметті арттыруды мақсат етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








