Алматы қаласында патрульдік полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің шетінде тұрған жас жігітке дер кезінде көмек көрсетіп, болуы мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алды.
Түнгі сағат 01:00 шамасында «102» арнасына «Халық Арена» маңындағы Құлжа тасжолында орналасқан жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінен бір жігіттің секірмек болып тұрғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен «Буран-611» экипажының құрамындағы полиция аға лейтенанттары Қазбек Жамқан мен Сырым Қожан, сондай-ақ «Буран-651» экипажының құрамындағы полиция аға лейтенанттары Сұлтан Болат пен Дінмұхамед Бақытбеков көпір құрылымының шетінде, шамамен 5–6 метр биіктікте тұрған жігітті анықтады. Оның қатты масаң күйде болғаны және өз өміріне қауіп төндіріп тұрғаны белгілі болды.
Полицейлер уақыт жоғалтпай, онымен байланыс орнатты. Бірлескен әрекеттің арқасында жас жігітті қауіпті жерден қауіпсіз түсіріп, ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алды.
Оқиғадан кейін жігіт Медеу аудандық Полиция басқармасына жеткізілді. Оның жеке басы анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
«Хабарлама түскен бойда көрсетілген мекенжайға жедел жеттік. Жаяу жүргіншілер көпірінің шетінде тұрған жігітті көрдік. Жағдай барынша сақтық пен жылдам әрекет етуді талап етті. Әр секундтың маңызды екенін түсіндік. Сондықтан бірлесе қимылдадық. Ең бастысы, қайғылы жағдайдың алдын алып, адам өмірін сақтап қалдық. Біз үшін бұл – ең алдымен кәсіби борышымыз бен адамдар алдындағы жауапкершілігіміз», – деді полиция аға лейтенанты Сырым Қожан.
Полиция мұндай жағдайларда оқиғаға дер кезінде ден қою, бейжай қалмау және қызметкерлердің үйлесімді әрекеті аса маңызды екенін атап өтті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









