Алматыда қалалық қызметтердің қысқы кезеңге дайындығы жалғасып жатыр. Бұл ретте арнайы техниканың әзірлігіне, жол ұйымдарының қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуіне және көше-жол желісіне жауапты қызметтердің өзара үйлесімді жұмысына баса назар аударылуда.
Маусымдық тексеру аясында Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен бірлесіп, мердігер ұйымдарды аралап, олардың қар жауып, көктайғақ болған кездегі жұмысқа дайындығын бағалауда.
Бүгінгі күнге дейін 10 мердігер ұйым тексерілді.
Алматы қаласындағы көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 3 145 шақырымды құрайды. Оны қыс мезгілінде күтіп ұстау үшін «Алматы Тазалық» коммуналдық қызметі 1 100-ден астам арнайы техника мен автокөлік дайындаған. Сондай-ақ 3 200-ден астам жол жұмысшысы жұмылдырылған.
Коммуналдық қызметтердің полициямен өзара іс-қимылына да ерекше көңіл бөлінеді. Қызмет көрсетуші ұйымдардың өтінімі бойынша полиция жасақтары қар тазалайтын техниканы алып жүруді қамтамасыз етеді. Жол жұмыстары кезінде қозғалыс қауіпсіздігін де қадағалайды.
Жедел әрекет ету үшін полиция, жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық қызметтердің жауапты өкілдері арасында тәулік бойы байланыс ұйымдастырылған.
«Қысқы кезеңге дайындық – ең алдымен, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Біздің ортақ міндетіміз – барлық қызметтің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету, қарды уақытылы тазалау және қолайсыз ауа райында жолдарға арнайы өңдеу жүргізу. Полиция өз тарапынан коммуналдық ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда арнайы техниканы алып жүру үшін полиция жасақтарын бөледі. Сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдайды», – деді Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Жәнібек Өскембаев.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









