Петропавлда «Shacman» маркалы екі жүк көлігінің тұрағы рұқсат етілмеген қоқыс орнына айналған. Набережная көшесінің бойында, көлік жуу орнының маңындағы жол жиегінде қоқыс үйінділері пайда болған. Полицейлер бұл заң бұзушылықты «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткізілген рейд барысында анықтады.
Жүк көліктерінің иелері анықталды. Полицейлер оларға әкімшілік материалдарды рәсімдеу үшін келу қажеттігі туралы хабарлама жіберді. Абаттандыру қағидаларын бұзу фактісі бойынша ескерту жасалады. Бұдан бөлек, жүргізушілер өздері тастаған барлық қоқысты жинап, аумақты тазалауға міндетті.
Осындай тағы бір дерек Борки кентіндегі Зеленая көшесінде анықталды. Жер учаскесінің иесі ескі құрылыстарды бұзғаннан кейін қоқысты шығармаған. Оған қатысты бір жыл ішінде қайталап құқық бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Заңда бұл әрекет үшін айыппұл көзделген.
Полицейлер «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыс тұрақты негізде, басқа мемлекеттік органдармен, қоғам белсенділерімен және бейжай қарамайтын азаматтармен тығыз өзара іс-қимылда жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Акция басталғалы бері Солтүстік Қазақстан облысының аумағында абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 14 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды. Елді мекендердің тазалығы мен санитариялық жағдайы — «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды құрамдас бөлігі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









