СҚО полициясының ардагерлері мерекесін ауқымды спартакиадамен атап өтті

    1 / 13

    Солтүстік Қазақстан облысының полиция ардагерлері 10 қараша – Ішкі істер органдары ардагерлері күнін ауқымды спорттық жарыспен атап өтті. Мереке қарсаңында Петропавлда «ARLAN» спорт клубының қолдауымен СҚО ПД Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері облыстық полиция департаменті Ардагерлер кеңесімен бірлесіп спартакиада ұйымдастырды. Жарысқа департамент пен аудандық полиция бөлімдерінің ардагерлері қатысты.

    Волейбол жарысы «Береке» шағын ауданындағы көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті. Ашылу салтанатында СҚО ПД бастығы Руслан Назаров жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуы мен патриоттық тәрбиесінде ардагерлер қозғалысымен өзара байланыстың маңызын атап өтті.

    СҚО ПД және Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов бұл күннің маңыздылығына тоқталды. «Ішкі істер органдары ардагерлерінің күні әрдайым жүрегімізден ерекше орын алады», – деді ол.

    Жарыс қорытындысы бойынша волейболдан СҚО ПД ардагерлері үздік атанды. Екінші орынды Есіл және Шал ақын аудандарының біріккен құрамасы иеленді. Үшінші орын Жамбыл, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарының біріккен командасына бұйырды.

    Үздік либеро атағы жуырда ғана Айыртау ауданы полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарған Марат Серкешовке берілді. Үздік шабуылшы болып Есіл ауданынан Вячеслав Бажнин, ал үздік байланыстырушы болып Жамбыл ауданынан Серік Кәкімжанов танылды.

    Үстел теннисінен спартакиаданың үздік ойыншылары қатарында бірінші орынды СҚО ПД өкілі Виталий Тыщенко, екінші орынды Александр Малый, үшінші орынды Тайынша ауданынан Сергей Дидух иеленді.

    Тоғызқұмалақтан Тайынша ауданынан Марат Рахметов бірінші, Аққайың ауданынан Тұрсынбек Шайсултанов екінші, Қызылжар ауданынан Балғабай Рахметов үшінші орын алды.

    Шахмат жарысында Мамлют ауданынан Мұрат Қожаев жеңімпаз атанды. Тайынша ауданынан Ертарғын Шаяхметов екінші, Қызылжар ауданынан Серік Жусалин үшінші орынға ие болды.

    Зейнеттегі полицейлердің спортқа белсенді қатысуы жас қызметкерлерге өмірге деген белсенді көзқарастың жарқын үлгісі болып отыр.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары