Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Амина Лареш және ұйымның аға экономисі Дина Хэн бастаған сарапшылармен кездесті.
Мәди Төкешұлы ХВҚ-ның келісім баптары аясында, сондай-ақ ұйымның мақсатты консультациялары мен техникалық көмегі шеңберінде тұрақты миссияларды өткізгені үшін ризашылығын білдірді. Кездесу барысында 2026 жылға арналған бюджеттің атқарылу барысы әрі 2027 жылға бағытталған бюджетті жоспарлаудың жай-жапсары, сондай-ақ салық-бюджет саясаты саласындағы реформаларды іске асыру жолдары талқыланды.
Бұған қоса мемлекеттік қаржы саласында заманауи цифрлы шешімдерді енгізуге, басқарушылық шешімдерді қабылдауға байланысты аналитикалық құралдарды дамытуға ерекше мән берілді. Кездесу қорытындысына сәйкес тараптар халықаралық стандарттарды ескере отырып, мемлекеттік қаржы статистикасын жетілдіру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделі екендерін атап өтті.
ХВҚ-ның еліміздің атқарушы билік органдарымен консультациялар өткізу жөніндегі жыл сайынғы миссиясы ХВҚ Жарғысының IV бабына сәйкес орындалып келе жатқанын айта кетейік.
ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









