Қаржы министрлігі салықты басқарудың сервистік моделін дамытып келеді

    1 / 5
    ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов «Астана» халықаралық қаржы орталығында Astana ESG Forum-2026 аясында өткен «Ұсынымдардан нақты әрекетке: Қазақстанның ESG күн тәртібіндегі дамуын талдау» атты іс-шараға қатысты. Атап айтқанда, государственный орган өкілі «ESG корпоративті басқару: комплаенстан бәсекеге қабілеттілікке дейін» тақырыптық сессиясында салықты басқарудың сервистік моделіне көшу жайлы, сондай-ақ цифрлы шешімдерді дамыту, мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыс жөнінде айтып берді. «Біздің міндет – кәсібін адал жүргізетін жандарға заңның сақталуын жеңілдету. Салыққа қатысты сын-қатерді уақытында анықтаған маңызды. Мемлекет пен бизнестің өзара байланысы қарапайым әрі болжамды болуға тиіс», деді Ержан Ерікұлы. Вице-министр айтқандай, сервистік тәсілдің артықшылығы – цифрлы қызметтер мен кемшіліктердің алдын алуда жатыр. Биыл 9 айда мемлекеттік кірістер органдары 12,9 млн қызмет көрсетіп, оның 99,8% электронды түрде ұсынылды. Аса сұранысқа ие қызметтің бір түрі – салық есептілігін қабылдау. Бұл қызметті өңдеу уақыты бір-екі минутты алады. Бұған қоса декларацияларды алдын ала толтыру және анықталған сәйкессіздіктерді қашықтан реттеу сервистері де дамып келеді. Сенімді өзара іс-қимыл құралдарының бірі – көлденең мониторинг тәсілі. Компаниялар есеп деректеріне онлайн қолжетімділікті ұсына отырып, бұған ерікті түрде қатысуда. Бұл формат жоспарланған мәмілелер бойынша алдын-ала түсініктемелер мен анықталған бұзушылықтарды жоюға байланысты ұсыныстар алуға мүмкіндік береді. Оның негізгі шарттары – дұрыс есеп, сапалы ішкі бақылау және салық тәуекелдерінің уақтылы анықталуы. ШОБ-тың қызметін жеңілдету үшін 1С есеп жүйесі арқылы цифрлы өзара іс-қимыл пысықталып жатыр. Бұл шешімдер құжаттарды өңдеуді автоматтандырып, деректерді біріктіреді және экономикалық байланыстар мен жеткізу тізбегіндегі тәуекелдерді анықтауға көмектеседі. Айталық, «Пирамида» аналитикалық есебін дайындау шамамен бес минуттан тұрады. Ал бұған дейін ол 20 күнге дейін созылатын. Вице-министрдің айтуынша, ESG күн тәртібінің салықты басқару бағытында корпоративті басқарудың сапасы мен деректердің дұрыстығы ерекше маңызды. ESG рейтингі салық артықшылығына мүмкіндік бермейтінін және компанияны міндетті талаптардан босатпайтынын ескерген жөн. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтай депутаттары және «Атамекен» ҰКП бірлесіп, 2027 жылдың қаңтарынан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге байланысты үшжылдық мораторий енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Ұсыныстарды дайындау кезінде алдыңғы мораторийдің тәжірибесі ескерілетін болады. Көлеңкелі экономиканы қысқарту және адал бизнесті қорғау Қаржы министрлігінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі" жаңалықтары