Ресей шекарасына дейін әлі 35 шақырым жол қалған. Рубцовск қаласының тұрғыны Дмитрий Алексеевич жаңбыр астында жол жиегімен жүріп, жолай көлік тоқтатуға үміттенген. Семей – Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы автожолдың 83-шақырымында оның жанына патрульдік көлік тоқтайды.
Оқиға 9 қараша күні болған. Полиция капитаны Нұршашқан Матайбаев пен полиция аға лейтенанты Мирас Карим жол бойында патрульдеу кезінде ер адамды байқап, оған көмек қажет пе екенін сұраған. Ер адам Қазақстанда тұрған ағасының асына қатысқаннан кейін үйіне қайтып бара жатқанын айтқан. Оның сөзінше, жолай өткен көліктердің бірде-бірі тоқтамаған.
Жолаушының жаңбыр астында тағы 35 шақырым жаяу жүруі керектігін білген полицейлер оны көлікке отырғызып, шекараға дейін жеткізіп салған.
Қоштасар сәтте Рубцовск қаласының 57 жастағы тұрғыны қазақстандық патрульдік полицейлерге көрсеткен көмектері үшін алғысын білдіріп, үйіне қарай сапарын жалғастырған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









