Интернеттегі күмәнді жұмыс ұсыныстары есірткі заттарын таратуға, ал банк деректерін бөгде адамдарға беру заңсыз схемаларға тартылуға әкелуі мүмкін. Қауіпті ұсыныстарды қалай ажыратуға және ойланбай шешім қабылдаудан қалай сақтануға болатыны Семейде өткен «Мемлекет және жастар» LEGAL TALK акциясы аясында талқыланды.
Кездесу «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар апталығы аясында ұйымдастырылды. Оған қаладағы барлық колледждердің өкілдері қатысты. Студенттермен Абай облысы Полиция департаментінің, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері және облыстық әкімдік өкілдері кездесті.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ержан Ақбаев жастардың есірткі қылмыстарына тартылу қаупіне назар аударды. Әсіресе тұрақты табысы жоқ жастардың тез ақша табуға деген ұмтылысын есірткі саудасымен айналысатындар өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, облыста анықталған 171 есірткі қылмысының 30-ы 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтардың қатысуымен жасалған. Оның 10-ы есірткі заттарын жасырын орындарға қалдыру арқылы таратуға байланысты.
Студенттерге «оңай ақша» табуға уәде беретін ұсыныстардың артында қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттер тұруы мүмкін екені ескертілді. Сондықтан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жұмыс ұсыныстарына сын көзбен қарап, жеке деректерді, банк шоттарының мәліметтерін және SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар кездесуде төбелес пен буллингтің алдын алу, экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл және интернеттегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Жастарға айналасындағылардың қысымына ермеу, өз әрекеттерінің, соның ішінде виртуалды кеңістіктегі іс-қимылдарының салдарын бағалай білу қажеттігі түсіндірілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – әр адамның өз таңдауы үшін жауапты екенін ұғындыру. Күмәнді ұсыныстардан, буллингке қатысудан және жанжалдарға араласудан бас тарту – өз қауіпсіздігі мен болашағын қорғаудың маңызды жолы.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









