Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Омарұлы Рақымовты еске алуға арналған еркін және әйелдер күресінен жастар арасындағы XXX халықаралық турнир өз мәресіне жетті.
Биыл 30-шы рет ұйымдастырылған дәстүрлі додаға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Грузия мемлекеттерінен, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен 1000-ға жуық балуан қатысты. Оның ішінде 650 ер балуан мен 350 қыз балуан бозкілемде бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.
Халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекеде Түркістан облысының балуандары да жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, еркін күрестен 97 келі салмақ дәрежесінде Айтуған Нұрислам күміс жүлдеге ие болса, 125 келіде Төлеуов Есбол, 52 келіде Нұрадин Асқар және 92 келіде Ибрагим Бекзат қола жүлдегер атанды.
Ал әйелдер күресінен 53 келі салмақ дәрежесінде Көпжасар Арайлым алтын медаль жеңіп алды. 62 келіде Нұрла Балнұр күміс жүлдеге қол жеткізсе, 72 келіде Алтынбек Нұрай қола медаль иеленді.
Осылайша, Түркістан облысының жас балуандары халықаралық турнирде шеберліктерін дәлелдеп, өңір қоржынына 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль салды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









