Погондағы жұлдыздан биік – халықтың сенімі

    Ел тыныштығын күзету – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауымен таңдалған өмірлік жол. Бір кездері бала қиялында полиция формасын киіп, халыққа қызмет етуді армандаған Айдар Елубай бүгінде сол арманына адалдық танытып, Астана қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.
    Қарағанды облысының тумасы, 33 жастағы полиция капитаны 2015 жылы ішкі істер органдарының қатарына қабылданып, содан бері құқық қорғау саласында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Астана қаласы Полиция департаменті Байқоңыр ауданы Полиция басқармасының №14 учаскелік полиция пунктінің инспекторы қызметін атқарады.
    Учаскелік полиция инспекторы – халықпен етене араласып, тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігін жақсы білетін, олардың мұң-мұқтажы мен өтінішіне бірінші болып құлақ асатын маман. Бұл қызметте кәсіби біліммен қатар сабырлылық, байыптылық, адаммен тіл табыса білу және үлкен жауапкершілік қажет. Себебі әрбір тұрғынның мәселесінің артында бір отбасының тағдыры, бір адамның үміті тұруы мүмкін.
    Айдардың қызметтегі басты ұстанымдарының бірі – тұрғындармен ашық байланыс орнату, олардың өтініштеріне бейжай қарамау және әрбір мәселені назардан тыс қалдырмау. Күнделікті жұмыста азаматтармен кездесіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысады. Еңбегінің еленіп, тұрғындар тарапынан алғысқа бөленуі – оның жұмысына деген сенімнің көрінісі.
    «Полиция қызметкері болу – менің бала күнгі арманым. Сондықтан бұл мамандықты кездейсоқ таңдаған жоқпын. Халықтың сенімін ақтап, елге пайдамды тигізу мен үшін үлкен жауапкершілік. Әрбір тұрғынның мәселесіне түсіністікпен қарап, қолдан келгенше көмектесуге тырысамын», – дейді полиция капитаны.
    Қызметтен тыс уақытта Айдардың өзіндік қызығушылықтары мен сүйікті істері бар. Ол тарихи кітаптарды оқығанды ұнатады. Тарихқа деген қызығушылығы өткеннің өнегесін танып, елдің өткені мен бүгінін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ал домбыра тартуы оның рухани әлемінің байлығын аңғартса, күреспен айналысуы жігерін шыңдап, тәртіп пен төзімділікті қалыптастырады.
    Тәртіп сақшысының өміріндегі ең басты құндылық – отбасы. Жұбайымен бірге бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған ол бос уақытын барынша балаларына арнауға тырысады. Табиғат аясына шығып, отбасымен бірге демалу да оның сүйікті әдеттерінің бірі. Өйткені жауапты қызметтің қарбаласынан кейін жақындарының ортасында болу – жанға қуат беретін ерекше сәт.
    Әке ретінде де оның ұстанымы айқын. Болашақта ұлының да полиция қызметін таңдап, әке жолын жалғастырғанын қалайды. Дегенмен ол үшін ең маңыздысы – баласының өз жүрек қалауымен мамандық таңдап, адал азамат болып қалыптасуы.
    Бір кездері полиция формасын киюді армандаған бала бүгінде сол форманың жауапкершілігін терең сезінген, ел тыныштығы үшін қызмет етіп жүрген азамат. Ал оның ең үлкен жетістігі – таңдаған жолына деген адалдығы мен халық сенімін ақтауға деген ұмтылысы. Өйткені нағыз полицей болу – форма кию ғана емес, сол формаға лайық болу!

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары