Астанада кәмелетке толмағандар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселелеріне арналған форум өтті. Іс-шараға елорданың барлық мектептерінің психологтары мен тәрбие жұмысы жөніндегі мамандары қатысты. Форумды Астана қаласы Полиция департаменті қалалық Білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Жыл басынан бері елордалық полиция білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Атап айтқанда, оқушылармен кездесулер, дәрістер, ашық диалогтер мен түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылып, жасөспірімдердің есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алуға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте тек балалармен тікелей жұмыс істеу ғана емес, күнделікті олардың жанында жүретін ересектермен өзара іс-қимыл орнату да ерекше маңызға ие.
Форум барысында қатысушылар қазіргі ахуалды талқылап, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен тіркелген есірткі құқық бұзушылықтарының нақты деректерін қарастырды. Сондай-ақ жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларға талдау жасалды.
Кездесу барысында алаңдатарлық белгілерді ерте кезеңде анықтау, оқушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерді байқау және педагогтер мен мектеп психологтары тарапынан дер кезінде әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға профилактикалық жұмысты тиімді ұйымдастыру, қандай белгілерге назар аудару және ықтимал қауіптердің алдын алу жолдары түсіндірілді.
Талқылаудың жеке бағыты ата-аналармен өзара іс-қимыл мәселесіне арналды. Атап айтқанда, ата-аналар жиналыстарын, сыныптық және жалпы мектептік чаттарды есірткі қаупі туралы шынайы ақпарат тарату, оның ықтимал салдарын түсіндіру және отбасыларды дер кезінде хабардар ету үшін белсенді пайдалану қажеттігі атап өтілді. Ата-аналардың бұл мәселеден шет қалмай, баланың мінез-құлқындағы алаңдатарлық өзгерістерді дер кезінде байқап, қажет болған жағдайда қайда жүгіну керектігін білуі маңызды.
Форум ашық кәсіби диалог форматында өтті. Білім беру ұйымдарының өкілдері пікір алмасып, профилактикалық жұмысты күшейту, ата-аналармен тұрақты кері байланыс орнату және полиция органдарымен өзара іс-қимылды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу қорытындысы бойынша бірыңғай әрі жүйелі тәсілді қалыптастыруға басымдық берілді. Бұл ретте профилактикалық жұмыс жекелеген дәрістермен немесе бір реттік іс-шаралармен шектелмей, мектеп, отбасы және құқық қорғау органдарының тұрақты әрі бірлескен жұмысына айналуы қажеттігі атап өтілді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









