«102» арнасына заңды өкілінен 11 жастағы баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Белгілі болғандай, бала кешкі уақытта туыстарымен болған жанжалдан кейін үйінен кетіп қалған.
Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті. Іздеу жұмыстарына Астана қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығының мамандары да қосылды. Іздеу шараларына полиция аға сержанты Аслан Елтайдың жетекшілігіндегі Феликс атты қызметтік ит қатысты.
Төрт аяқты көмекшінің кәсіби дағдыларының арқасында жоғалған бала тұрғын үйдің жертөлесінен табылды.
Бұл нәтижеге кинологиялық қызметте ерекше көңіл бөлінетін арнайы дайындықтың арқасында қол жеткізілді.
Феликстің жасы – жетіде. Ол – неміс овчаркасы. Толық қызметтік аты – «Созвездие столицы Феликс». Ит иіс ізі арқылы адамдарды іздеуге маманданған. Оның аса сезімтал иіс сезу қабілеті ізделіп жатқан адамның ізін анықтап, жүрген бағытын бақылауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Феликстің қатысуымен 18 іздестіру дерегі пысықталған. Оның қабілеті хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеумен қатар, түрлі құқық бұзушылықтарды ашу кезінде де қолданылады.
Бұл оқиға полиция жүйесіндегі кинологиялық қызметтің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Әрбір сәтті іздеудің артында полиция қызметкерлерінің кәсібилігі, арнайы дайындық және қызметтік иттердің өз ісіне деген адалдығы тұр.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









