Елордадағы сауда орталығында жануарларды ұстау талаптарының бұзылғаны анықталды

    Астана қаласының Полиция департаментіне елорда тұрғыны қаладағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан, келушілерге жануарлармен тікелей қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін байланыс зообағының қызметіне қатысты шағымданды.
    Аталған өтініш бойынша полиция қызметкерлері табиғатты қорғау жөніндегі «Tasbaqa» қорының өкілдерімен бірлесіп тексеру жүргізді. Тексеру барысында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Зообақ иесі әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
    Сонымен қатар тексеру кезінде жойылып кету қаупі төнген түрлер қатарына жататын ортаазиялық құрлық тасбақасының (Testudo) ұсталғаны белгілі болды. Аталған дерек Сарыарқа ауданының полиция басқармасында тіркелді.
    Тасбақа қажетті тексеруден өткізу үшін тәркіленіп, кейіннен оны күтіп-баптау, қалпына келтіру және одан әрі ұстау мақсатында мамандандырылған оңалту орталығына тапсырылды.
    Бұдан бөлек, зообақты ұйымдастырушыға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді.
    Полиция жануарлардың әл-ауқатына зиян келтіре отырып, оларды ойын-сауық құралына айналдыруға жол берілмейтінін ескертеді.
    Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, келушілердің жануарлармен тікелей физикалық байланысын көздейтін мәдени-көпшілік және ойын-сауық мақсаттарында, оның ішінде коммерциялық негізде жануарларды пайдалануға тыйым салынады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары