Астана қаласының тұрғыны Патрульдік полиция полкінің взвод командирі полиция капитаны Ержан Естайға адал қызметі, жоғары кәсібилігі және азаматтарға көрсеткен көмегі үшін ерекше алғысын білдірді.
33 жастағы тәртіп сақшысы 2016 жылдан бері ішкі істер органдарында абыроймен қызмет атқарып келеді. Қызмет жылдарында ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кез келген жағдайда жедел шешім қабылдай білетін, азаматтардың мәселесіне бейжай қарамайтын білікті маман ретінде танылған.
Тұрғынның айтуынша, полиция капитаны шақыртуға уақыт оздырмай жетіп, жағдайды жіті зерделеп, мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен. Сонымен қатар ол қарым-қатынас барысында сыпайылық, сабырлылық, сауаттылық пен жоғары мәдениеттілік танытқан. Азаматпен тіл табысып, кәсіби тұрғыда көмек көрсете білгені тұрғынның ерекше ризашылығын тудырған.
«Ержан жеделдігі, жауапкершілігі және көрсеткен көмегі үшін шексіз алғысымды білдіремін. Шақыртуыма тез жетіп, мәселемді шешуге бар күшін салды. Өте сыпайы, сауатты, білікті әрі өз ісінің нағыз кәсіби маманы. Қазіргі таңда өз қызметіне адал, халыққа жанашырлықпен қарайтын осындай полиция қызметкерлері көп болса екен. Еңбегіңізге мың алғыс!» – деп ризашылығын жеткізді тұрғын.
Полиция қызметі – үлкен жауапкершілікті, табандылықты және адамгершілікті талап ететін абыройлы міндет. Әсіресе, қиын жағдайда азаматтарға дер кезінде қол ұшын созып, олардың сенімінен шығу – нағыз кәсібиліктің белгісі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









