Елордадағы Жас көрермендердің музыкалық театрында нашақорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға және жастардың өз өміріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға арналған «Өмірің өз қолында» атты театрландырылған перформанстың премьерасы өтті.
Қойылымды елордалық колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері тамашалады. Көрермендердің көңілінен шыққан әсерлі әрі мазмұнды спектакль актерлердің шебер ойынымен және оқиғаның көркемдік шешімімен ғана емес, терең мағынасымен де ерекшеленді.
Театр өнерінің тілі арқылы қойылым авторлары адам бойындағы қателіктер, олардың салдары және өз болашағына деген жауапкершілік тақырыптарын қозғады. Спектакль ойланбай қабылданған шешімдердің қандай зардаптарға әкелуі мүмкін екенін және бір ғана қате қадам адамның тағдырына қалай әсер ететінін көрнекі түрде көрсетті.
Қойылымда есірткі тұтынудың қауіптілігіне, жастардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу тәуекелдеріне, сондай-ақ өмірдің, бостандықтың және салауатты болашақтың құндылығына ерекше назар аударылды.
Театрландырылған қойылымға қосымша ретінде театр фойесінде елордалық полиция ұйымдастырған тақырыптық фотокөрме де ұсынылды. Экспозиция келушілерді есірткі қылмыстарының нақты зардаптарымен және құқық қорғау органдарының есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бағытындағы жұмыстарымен таныстырды. Фотоматериалдар мәселенің ауқымын және полиция қызметінің практикалық қырларын көрнекі түрде жеткізді.
Жастар арасында профилактикалық жұмыстар дәстүрлі форматтармен шектелмеуі тиіс. Өнер мен көрнекі құралдар адамға эмоция арқылы әсер етіп, маңызды ойларды терең жеткізуге және олардың жадында ұзақ сақталуына мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органдары осындай бастамаларды қолдай отырып, жастармен өзара байланыстың барлық қолжетімді тәсілдері мен форматтарын пайдалануды маңызды санайды. Басты мақсат – құқық бұзушылықтардың салдарын түсіндіріп қана қоймай, әрбір жасөспірім мен жастың санасына ой салу, өз болашағының қадірін түсінуге және қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілік сезінуге ықпал ету.
Театрландырылған перформанс «Астана – есірткісіз қала!» кешенді жоспары аясында Астана қаласының Мәдениет басқармасы мен Астана қаласы Полиция департаментінің қатысуымен жүзеге асырылды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









