Астана қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, жолда қиын жағдайға тап болған сәтте көрсеткен көмектері туралы жылы лебізін жеткізді.
Оның айтуынша, жақында жол үстінде көлігі кенеттен өшіп қалып, аккумуляторының қуаты таусылған. Осы сәтте артынан патрульдік полиция көлігі жақындағанда, бастапқыда өзін қандай да бір жауапкершілікке тартуы мүмкін деп ойлап, абыржып қалған.
Алайда полицейлер жағдайды анықтаған соң, жүргізушіге көмектесуге кіріскен. Олар автокөлікті оталдырып, қауіпсіз жерге, тұраққа дейін итеріп жеткізуге көмектескен. Содан кейін қызметтерін жалғастырып, оқиға орнынан кеткен.
«Олар келіп, көлігімді оталдырып берді, тұраққа дейін итеріп апарды да, өз жолдарымен кете барды. Нағыз азаматтар! Шынымен де, енді өзімді қауіпсіз сезіне бастадым», – деп жазды тұрғын.
Аталған көмекті көрсеткен қызметкерлер – Астана қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің аға инспекторлары Сапарғали Таубаев пен Дәурен Нұрманов
Полиция қызметкерлері үшін азаматтарға дер кезінде көмек көрсету – күнделікті қызметтік міндеттің ажырамас бөлігі. Ал тұрғындардың осындай шынайы алғысы – қызметке деген сенім мен құрметтің белгісі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








