Астана қаласы Полиция департаментінің екі қызметкері Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионатында топ жарып, ел қоржынына екі алтын медаль салды.
Халықаралық деңгейдегі беделді додада полиция полковнигі Бағдат Дүйсенов пен полиция майоры Қасым Әнуарбек қарсыластарына дес бермей, әлем чемпионы атанды. Олар спорттағы шеберлігімен қатар, табандылық пен жоғары дайындықтың үлгісін көрсетті.
Бағдат Дүйсенов ерлер арасында Master 4 санатында, 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Шешуші белдесуде елордалық тәртіп сақшысы қарсыласынан ұпай санымен басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Ал Қасым Әнуарбек Master 2 санатында, 69 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, алтын жүлдені қанжығасына байлады.
Қос чемпионның да ішкі істер органдарындағы қызмет өтілі қомақты. Бағдат Дүйсенов құқық қорғау саласында 25 жылға жуық уақыт бойы абыроймен қызмет атқарып келеді. Қасым Әнуарбектің ішкі істер органдарындағы еңбек өтілі 15 жылдан асады.
Олар күнделікті қызметтік міндеттерін спорттағы жаттығулармен ұштастырып, кәсіби шеберлік пен физикалық дайындықты қатар алып жүр. Халықаралық аренадағы бұл жеңіс – көпжылдық еңбектің, табандылықтың және мақсатқа деген адалдықтың нәтижесі.
Айта кетейік, биыл Абу-Дабиде 18-рет ұйымдастырылған әлем чемпионатына әлемнің 130-дан астам елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысты.
Астана полициясының қызметкерлері халықаралық жарыста көк байрағымызды желбіретіп, ел мерейін үстем етті. Бұл жеңіс – әріптестер үшін үлкен мақтаныш әрі жас қызметкерлерге үлгі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









