Түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзу – азаматтардың демалу құқығына қол сұғу. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлерде қатты музыка, айқай-шу, көлік дабылы тұрғындардың қалыпты тынығуына кедергі келтіреді.
Жыл басынан бері тыныштықты бұзу бойынша 54 мың әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелді.
Мәселен, Хусейн бен Талал көшесінде бір түннің ішінде тыныштықты бұзудың екі дерегі анықталды.
Бірінші оқиға түнгі сағат 00:10 шамасында тіркелді. Полицияға тұрғын үй тұрғындарынан көршілерінің шулап, демалуға мүмкіндік бермейтіні туралы шағым түскен. Тексеру барысында аталған пәтердің тәулікке жалға берілетіні белгілі болды. Түнгі уақытта пәтерде болған адамдардың шулы әрекеттері өзге тұрғындардың тыныштығын бұзған.
Ал екінші жағдайда түнгі сағат 00:50 шамасында тұрғын үйдің маңында автокөліктердің шуылы және жол жөндеу жұмыстары салдарынан тұрғындардың тыныштығы бұзылғаны туралы хабарлама түсті.
Аталған екі дерек бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Айта кету керек, тыныштықты сақтау талабы баршаға ортақ. Пәтерді тәулікке жалға беретін меншік иелері де жалға алушылардың тәртібіне бейжай қарамауы тиіс. Сонымен қатар құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізетін ұйымдар белгіленген уақыт талаптарын қатаң сақтауға міндетті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








