Жедел көмек шақыру: «SOS» жүйесі тәулік бойы жұмыс істейді

    Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою және елордадағы қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында қала аумағында полиция шақыруға арналған 40 арнайы «SOS» батырмасы жұмыс істейді.
    Аталған құрылғылар күн сайын тұрғындар мен қала қонақтары көп шоғырланатын қоғамдық орындарға орнатылған.
    «SOS» жүйесі арқылы келіп түскен әрбір сигнал автоматты түрде Жедел басқару орталығына жіберіледі. Хабарлама түскеннен кейін диспетчерлер оқиға орнына жақын маңдағы патрульдік полиция экипажын бағыттап, жедел әрекет етуді ұйымдастырады.
    Жыл басынан бері аталған құрылғылардың көмегімен 31 өтініш тіркелген. Олардың әрқайсысы полиция қызметкерлерімен пысықталып, өтініш білдірушілерге қажетті көмек көрсетілді.
    Осындай жағдайлардың бірі қараусыз қалған чемоданның табылуына байланысты болған. Ер адам «SOS» батырмасын басып, күмән тудырған жүк туралы хабарлаған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, чемоданның иесін анықтап, оған жеке затын қайтарып берген.
    Полиция департаменті азаматтарды қажет болған жағдайда жедел көмек шақыруға арналған «SOS» батырмаларын пайдалануға және кез келген оқиға туралы полицияға дереу хабарлауға шақырады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары