Криминалистің бір күні. Полиция капитаны Айбек Молдаханов қайтыс болған адамның жеке басын қалай анықтады

    2025 жылы Абай облысының Бесқарағай ауданында ер адамның мәйіті табылды. Қайтыс болғанына біраз уақы төткендіктен, оның кім екенін сыртқы келбетіне қарап анықтау мүмкін болмады. Марқұмның жеке басын саусақ іздері арқылы аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі полиция капитаны Айбек Молдаханов анықтады. Бұл жағдай – Абай облысы Полиция департаменті «Криминалистің бір күні» айдары аясында жариялаған жаңа шығарылымда баяндалған қызметтік оқиғалардың бірі.

    Айбек Молдаханов полиция қызметін 2014 жылы сержант шенінде бастаған. 2018 жылы криминалист қызметіне тағайындалды. Бүгінде ол Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі болып қызмет атқарады. Осы жылдар ішінде Молдаханов түрлі қылмыстық істер бойынша, соның ішінде кісі өлтіру деректеріне қатысты оқиға орындарын қарауға қатысқан.

    Оқиға орнына шығатын криминалистің жұмысы ұсақ-түйекке дейін мұқият назар аударуды талап етеді. Себебі бастапқыда елеусіз көрінген жайттардың маңызы тергеу барысында анықталуы мүмкін. Аяқ киімнің ізін басып кету немесе шыны сынығын байқамай орнынан қозғап алу оңай. Сондықтан криминалист алдымен оқиға орнын жалпы көрінісімен тіркеп, содан кейін жекелеген заттар мен іздерді суретке түсіреді. Жалпы фотосуретте іздің қай жерде орналасқаны көрінсе, жақыннан түсірілген суретте оның бедері мен ерекшеліктері анық байқалады. Кейін салыстыру материалдары пайда болған кезде осы екі фотосурет те қажет болуы мүмкін.

    Марқұм ер адамның жеке басын анықтау кезінде Молдахановтың алдында нақты міндет тұрды. Ол дактилоскопиялық әдісті қолданды. Саусақ іздерін салыстыру барысында мамандар саусақ ұштарындағы папиллярлық өрнектерді зерттейді. Атап айтқанда, сызықтардың қай жерде аяқталатынына, қай тұста екіге айырылатынына және осы белгілердің бір-біріне қатысты орналасуына назар аударады. Осындай белгілердің жиынтығы негізінде Молдаханов марқұмның жеке басын анықтады.

    Бұл оқиға бір ғана ұсақ детальдің тергеу үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Өйткені дәл осы жағдайда тергеудің алғашқы әрі маңызды сұрағына жауап берген белгі – саусақтардағы сызықтардың қайталанбас өрнегі болды.

    Криминалистің жұмысы оқиға орнынан оралған соң да жалғасады. Алынған заттар мен іздер тиісті тәртіппен қапталып, таңбаланады. Олардың қай жерден табылғаны туралы мәліметтер оқиға орнын қарау хаттамасында көрсетіледі. Кейін тергеуші белгілі бір болжамды тексеру қажет болған жағдайда фотосуреттерге қайта оралып,заттың нақты қай жерде болғанын көріп, бұл ақпаратты іс бойынша басқа деректермен салыстыра алады.

    Айбек Молдахановтың қызметі полиция жұмысының алғашқы минуттардан басталып, арада уақыт өтсе де тергеуге көмектесетін маңызды қырын танытады. Оқиға орнындағы жағдай өзгеруі мүмкін, ал мұқият әрі дәл тіркелген мәліметтер криминалист анықтаған маңызды жайттарға қайта оралуға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары