НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ КЕЛЕСТІКТЕРМЕН КЕЗДЕСІП, АУДАНДЫ ДАМЫТУ БОЙЫНША ПІКІРЛЕР МЕН ҰСЫНЫСТАРДЫ ТЫҢДАДЫ

    1 / 4

    Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және алдағы міндеттерді талқылады.

    Алдымен облыс әкімі ауданның негізгі даму көрсеткіштеріне тоқталып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

    2026 жылдың 9 айында Келес ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 139,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,4 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 6,1 млрд теңгені, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 41,9 млрд теңгені құрады. Сауда көлемі 28,6 млрд теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемі 28 млрд теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 77,2 млрд теңгені құрап, 5 пайызға артқан.

    Облыс әкімі ауыл шаруашылығы, сауда және кәсіпкерлік салаларында әлеуеті жоғары ауданның даму қарқынын күшейтіп, инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.

    – Келес ауданының мүмкіндігі де, әлеуеті де жоғары. Шекаралық орналасуы, ауыл шаруашылығына қолайлы жері мен еңбекқор халқы – ауданның басты артықшылықтары. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, экономикалық белсенділікті арттыру. Ауданның әрбір елді мекенінде оң өзгерістер болуы керек. Ол үшін жұмысты жандандырып, нақты нәтижеге басымдық беру қажет, – деді Нұралхан Көшеров.

    Кездесуде облыс әкімі ауданда жүзеге асырылған маңызды жобаларға да тоқталды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы 7 елді мекендегі 21 көшеге 1,2 млрд теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Абай ауылында 600 орындық, Біртілек елді мекенінде 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ Абай ауылында спорт кешені ашылып, биыл Жүзімдік ауылында мәдениет үйі мен кітапхана ел игілігіне тапсырылды.

    Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар атқарылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның 83 елді мекенінің 79-ы орталықтандырылған ауыз сумен, 61-і табиғи газбен, 81-і электр энергиясымен қамтылған. Биыл Достық және Қоралас елді мекендерінде газ құбырының құрылысы аяқталып, 4 685 тұрғынға көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік жасалды. Бұдан бөлек, 9 елді мекенде газдандыру жұмыстары басталған.

    Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 172 шақырым болатын теміржолдың 60 шақырымы Келес ауданының аумағынан өтеді. Жобаны биыл аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Сарыағаш қаласының айналма жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құны 238,1 млрд теңгені құрайтын жобаны 2029 жылы пайдалануға беру көзделген.

    Өткен жылғы кездесуде тұрғындар тарапынан 15 мәселе көтерілген. Оның 13-і шешімін тауып, бір мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда.

    Облыс әкімі тұрғындармен кездесу барысында елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуына да ерекше назар аударып, «Таза Қазақстан» бағдарламасына үлес қосу әрбір тұрғынның міндеті екенін атап өтті.

    Бұдан кейін аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.

    Кездесу барысында тұрғындар жол, ауыз су, инженерлік инфрақұрылым және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Өңір басшысы көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап, жауапты басшыларға оларды заң аясында шешу бойынша тиісті тапсырмалар берді. Әрбір ұсыныс пен өтініш назарға алынып, тұрақты бақылауда болады.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары