Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, білім мен парасаттылықты дәріптеуге және өскелең ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған «Білімді жастар – ел ертеңі» атты кездесу өтті.
Басқосуға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева, қоғам белсендісі Жанболат Досболов және танымал жайдарманшы, блогер Хамит Ердехан қатысып, жастармен ой бөлісті.
Кездесу барысында Жанар Әлібекқызы білімді әрі бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі кезеңде білім алу, іздену және заман талабына сай қабілеттерді дамыту аса маңызды. Жастар тек кәсіби біліммен шектелмей, қоғамдағы өзгерістерге бейім, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуы қажет. Мемлекет жастардың әлеуетін арттыруға жағдай жасап келеді. Ал сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – әрбір жастың өз қолында. Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңгі қозғаушы күші», – деді Жанар Бектаева.
Еркін форматта өткен кездесуде спикерлер білімнің адам өміріндегі маңызы, қоғамдағы белсенділік, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, жеке тұлға ретінде қалыптасу және болашаққа сенімді қадам жасау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды ізденуге, үздіксіз білім алуға және қоғам өміріне белсенді араласуға шақырды.
Кездесу барысында жастар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, спикерлермен ашық пікір алмасты. Бұл қатысушыларға жаңа көзқарас қалыптастырып, өмірлік тәжірибеден тағылым алуға мүмкіндік берді.
Мұндай тағылымды кездесулер жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, олардың бойында жауапкершілік, бастамашылдық пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені білімді, саналы әрі белсенді жас ұрпақ – ел дамуының басты қозғаушы күші.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









