Төтенше жағдайлар қаупі туралы халықты дер кезінде ескерту адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта Cell Broadcast технологиясы негізінде жұмыс істейтін «Mass Alert» жаппай құлақтандыру жүйесі қолданылады. Ол ықтимал қауіп аймағында жүрген азаматтардың мобильді құрылғыларына шұғыл хабарламалар жіберуге мүмкіндік береді.
Жүйенің басты міндеті – халыққа төнуі мүмкін қауіп туралы жедел ақпарат жеткізу, алдын ала ескерту және одан әрі әрекет ету тәртібі жөнінде ұсынымдар беру. Мұндай хабарламаны алған азаматтар жағдайды жылдам бағалап, қажетті сақтық шараларын қабылдау арқылы ықтимал қауіптің алдын ала алады. Төтенше жағдай кезінде уақытылы берілген ескерту адам өмірі мен денсаулығын сақтауда шешуші рөл атқаруы мүмкін.
«Mass Alert» жүйесімен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру мақсатында Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар департаменті Жоспарлау және жедел басқару орталығының кезекші бөлім қызметкерлеріне қосымша практикалық сабақ өткізілді.
Сабақ барысында қызметкерлер жүйенің жұмыс істеу қағидаттарын, шұғыл хабарламаларды дайындау және жіберу тәртібін пысықтады. Төтенше жағдайлар туындау қаупі кезінде халықты құлақтандыру алгоритмдерін тәжірибе жүзінде орындауға, сондай-ақ тұрғындарға маңызды ақпаратты уақтылы жеткізу үшін қажетті іс-қимылдардың реттілігіне ерекше назар аударылды.
Мұндай сабақтар қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға, жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіруге және жүйенің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Себебі уақытылы жолданған әрбір ескерту адамдардың қауіптен сақтануына және ең басты құндылық – адам өмірін қорғауға септігін тигізеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









