Бүгін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Кенжеханұлы Ермек Тараз қаласына жұмыс сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесу өткізді.
Кездесу Тараз мемлекеттік университетінің акт залында өтіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналды.
Жиынға Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының мемлекеттік қызметшілері мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Сонымен қатар, кездесуге арнайы шақырылған қонақтар қатарында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Тамабек Әбілқайыр Ғалымұлы, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Момышев Талғат Амангелдіұлы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Тұяқбаев Ербол Жоракелдіұлы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Халық Кеңесінің Тараз қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болатбек Уәлихан Болатбекұлы болды.
Кездесу барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған ел дамуының басым бағыттарына тоқталып, ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
Сонымен қатар, ветеринария саласының дамуына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайту, ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту, мамандардың жұмыс жағдайын жақсарту және жануарлардың денсаулығын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Вице-министр ветеринариялық қызметтің ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтаудағы және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығына да тоқталды.
Кездесу барысында қатысушыларға Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыруда жауапкершілік танытып, өз салалары бойынша белгіленген жұмыстарды сапалы әрі тиімді атқару қажеттігі атап өтілді.
Мұндай кездесулер мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндірумен қатар, сала қызметкерлерінің өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуына және алдағы міндеттерді айқындауына мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








