Көкшетау: дамудың жаңа ауқымы

    Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Көкшетауды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев облыс орталығының одан әрі өсуіне бағытталған жобаларды таныстырды.

    Өнеркәсіп және жұмыс орындары. «Kokshe Industry» индустриялық аймағында жалпы инвестиция көлемі шамамен 750 млрд теңгені құрайтын 40 жобаны іске асырып, 6 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Негізгі бағыттар қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және логистика бар.

    Жаңа қала орталығы. «Kokshe Downtown» жобасы 100 гектар аумақты қамтиды. Мұнда шамамен 1 млн шаршы метр тұрғын үй мен коммерциялық нысан салу көзделген. Сондай-ақ драма театры мен Wyndham қонақүйін орналастыру жоспарланып, облыстық аурухана салынып жатыр.

    Энергетика және инфрақұрылым. Жаңа жылу электр орталығы мен кәріз суларын тазарту құрылыстарын салу, инженерлік желілерді дамыту, жаңа нысандар мен қала аудандарына қатынайтын жолдарды салу мәселелері қаралды. Стратегиялық мәселелер қатарында Көкшетауды газбен қамту перспективасы да бар.

    Спорт, білім және мәдениет. 12 мың орындық стадион, Азаматтық қорғау академиясы, «Қамқорлық» инклюзивті спорт және дамыту орталығы, Чайкино шағынауданындағы мектеп пен драма театрының жобалары таныстырылды.

    Қоғамдық кеңістіктер. 2027 жылы ұзындығы 1,7 шақырым болатын «Жаңа жағалау-3» жағалауы мен аумағы 25 гектар «Бәйтерек» экопаркін салу жоспарланған. Абаттандырылатын аумақтың жалпы көлемі 45,5 гектарды құрайды.

    Тұрғын үй және медицина. Қаладағы тұрғын үй қорын реновациялау және қолданыстағы үйлерді жаңғырту, сондай-ақ 630 орындық облыстық көпбейінді аурухананың құрылыс барысы талқыланды. Аурухананың дайындық деңгейі шамамен 82 пайызды құрайды. Құрылысты аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2027 жылғы сәуір айының соңына жоспарланған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Көкшетау қаласының әкімдігі" жаңалықтары