Елорда әкімдігі ұйымдастырған медициналық агенттерді даярлау курсы бес күнге созылды. Оған қатысқан қазақстандық мамандар енді шетелде Астананың медициналық қызметтерін таныстырып, шетелдік пациенттерді елорданың клиникаларында емделуге тартуға мүмкіндік алады.
Оқу бағдарламасына теориялық сабақтар, практикалық жаттығулар, сарапшылардың дәрістері және қаланың жетекші медициналық ұйымдарымен таныстыруға арналған ақпараттық тур кірді.
Курстың негізгі мақсаты – шетелдік пациенттер мен Астанадағы медициналық ұйымдар арасындағы байланысты қамтамасыз ететін, медициналық қызметтерді шетелде насихаттауға және жаңа пациенттер тарту жолдарын қалыптастыруға көмектесетін мамандар даярлау.
Медициналық туризм шетел азаматтарына медициналық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Ол елдің медициналық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде таныстыруды, серіктестік байланыстарды дамытуды және ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді арттыруды да қамтиды.
Бұл ретте медициналық агенттердің рөлі маңызды. Олар әлеуетті пациенттерді іздейді, медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін таныстырады, шетелдік серіктестермен байланыс орнатады және шетел азаматтарының қазақстандық клиникаларға жүгінуін ұйымдастыруға көмектеседі.
«Біз медициналық агенттерді даярлауды Астанада медициналық туризмді дамытудың нақты құралдарының бірі ретінде қарастырамыз. Мақсатымыз – елордалық клиникалардың мүмкіндіктерін жақсы білетін, олардың қызметтерін таныстырып, шетелдік пациенттерді тарта алатын қазақстандық мамандар даярлау. Осылайша, елорданың медициналық әлеуетін халықаралық деңгейде танытудың қосымша жолын қалыптастырамыз», – деді «Astana Tourism» басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ибраев.
Курсқа халықаралық сарапшы, медициналық туризм саласындағы кітаптардың авторы Виктория Сандалюк дәріс оқыды. Ол кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, медициналық агенттердің жұмысы, шетелдік пациенттерді тарту құралдары, медициналық қызметтерді халықаралық деңгейде таныстыру және клиникалармен тиімді байланыс орнату жолдары туралы айтып берді.
«Медициналық агент медициналық қызметтердің ерекшеліктерін ғана емес, шетелдік пациентпен жұмыс істеу тәртібін де түсінуі керек. Оның қажеттіліктерін анықтап, клиникалардың мүмкіндіктерін дұрыс таныстыра білу, сенімді қарым-қатынас орнату және пациентке барлық кезеңде қолдау көрсету маңызды. Кәсіби жұмыс қана медициналық қызметке қызығушылық танытқан адамның клиникаға нақты жүгінуіне мүмкіндік береді», – деді Виктория Сандалюк.
Сабақ барысында қатысушылар әлеуетті клиенттермен жұмыс істеу тәсілдерін, шетелдік серіктестермен байланыс орнату ерекшеліктерін және медициналық қызметтерді нақты бір мақсатты нарықтарда насихаттау жолдарын үйренді.
Астананың медициналық инфрақұрылымымен танысуға да ерекше көңіл бөлінді. Ақпараттық тур аясында қатысушылар елорданың жетекші медициналық ұйымдарын аралап, олардың мүмкіндіктерін, емдеу бағыттарын және шетелдік пациенттерді қабылдау шарттарын көрді.
Курстың практикалық пайдасы туралы қатысушы Аяна Жамансартова айтып берді.
«Оқуға дейін медициналық агенттің жұмысы қаншалықты ауқымды екенін толық түсінбеппін. Енді бұл тек пациент іздеумен шектелмейтінін, алғашқы өтініштен бастап клиника таңдауға және емдеуді ұйымдастыруға дейінгі тұтас жүйе екенін түсіндім. Әсіресе Астанадағы медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерімен танысу пайдалы болды. Бұл білімді алдағы уақытта шетелдік пациенттерді тарту жұмысында қолдануға болады», – деді ол.
Бағдарлама қорытындысы бойынша оқуды сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









