Ветеринариялық нысандар құрылысы: мерзім мен сапа – басты назарда

    1 / 4

    Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевтың төрағалығымен ветеринариялық нысандар құрылысының барысы және өзге де өзекті мәселелер бойынша жұмыс кеңесі өтті.

    Кеңеске Байзақ, Талас, Т. Рысқұлов және Меркі аудандары әкімдерінің орынбасарлары, Жамбыл облыстық ветеринариялық станциясының басшылығы, аудандық ветеринариялық ұйымдардың басшылары мен құрылыс мердігер ұйымдарының өкілдері қатысты.

    Күн тәртібінде өңірде салынып жатқан ветеринариялық нысандардың құрылыс барысы, жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуы, құрылыс сапасын бақылау және пайдалануға дайын нысандарды тиісті ұйымдардың балансына қабылдау мәселелері қаралды.

    Жиын барысында әрбір нысан бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі талқыланып, құрылыс процесінде туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдарына назар аударылды. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеге сәйкестігі, мердігер ұйымдардың міндеттемелерді орындауы және жауапты тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелері пысықталды.

    Кеңес төрағасы Бақыт Аязұлы Бетбаев құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Ол ветеринариялық нысандарды уақытылы пайдалануға беру ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және сала мамандарының тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам екенін жеткізді.

    Сондай-ақ ауылдық округ әкімдеріне құрылыс жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстау, мердігер ұйымдармен бірлесіп туындаған мәселелерді жедел шешу және құрылысы аяқталған нысандарды белгіленген тәртіппен тиісті ұйымдардың балансына қабылдау жұмыстарын жеделдету тапсырылды.

    Өз кезегінде мердігер ұйымдардың өкілдеріне қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етіп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне жауапкершілікпен қарау қажеттігі ескертілді.

    Кеңес қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді шешу, құрылыс барысын бақылауды күшейту және белгіленген міндеттердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы" жаңалықтары