ЖЕТІСАЙДА «РУХАНИ КЕРУЕН» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

    1 / 14
    ЖЕТІСАЙДА «РУХАНИ КЕРУЕН» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
    Жетісай аудандық мәдениет үйінде қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеу, діни сауаттылықты арттыру және ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді кеңінен талқылау мақсатында «Рухани керуен» жобасы аясында мазмұнды кездесу өтті.
    Тағылымды басқосуға аудан зиялылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, дін саласының қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Кездесу барысында қатысушылар назарына қоғамға ой салатын, терроризмнің зардаптары мен оның адам тағдырына тигізетін ауыр әсерін көрсететін «Тағдыр талқандаған терроризм» атты деректі фильм ұсынылды.
    Жиынның негізгі бөлімінде белгілі айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов, актер әрі жайдарманшы Жанболат Досболов, сондай-ақ, Қызылорда облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері, Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Бахтияр Оспанов өз ойларын ортаға салды.
    Спикерлер бүгінгі қоғам мен адам арасындағы қарым-қатынас, отбасы құндылықтары, ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, жас ұрпақ тәрбиесі, діни сауаттылық пен ұлтаралық татулық мәселелеріне кеңінен тоқталды.
    Әсіресе, отбасы тәрбиесінің қоғам қалыптастырудағы рөлі, жастардың бойында ізгілік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру, түрлі теріс ағымдардың ықпалына түспеудің маңыздылығы жөнінде тағылымды ойлар айтылды. Қоғамның тыныштығы мен ел бірлігін сақтауда әрбір азаматтың жауапкершілігі жоғары екені атап өтілді.
    Кездесу барысында қатысушылар да белсенділік танытып, көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Еркін форматта өрбіген әңгіме өзара ой бөлісуге, маңызды мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік берді.
    «Рухани құндылықтарды ұлықтап, татулық пен бірлікті ту еткен мұндай кездесулердің маңызы зор. Өйткені, саналы ұрпақ тәрбиесі, діни сауаттылық пен қоғамдық келісім – ел болашағының берік негізі» дейді ұйымдастырушылар.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары