Жезқазғанда Ұлытау университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта негізгі оқу корпусы мен спорт залының құрылыс жұмыстары соңғы кезеңге жетті. Сонымен қатар 140 орынға арналған студенттер жатақханасының құрылысы жалғасуда.
«Қазақмыс» корпорациясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жоба өңірдің кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібі, геология және металлургия салаларына қажетті білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстарының барысымен Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев танысты. Қала басшысы университеттің өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытудағы және жастардың сапалы жоғары білім алуына заманауи жағдай жасаудағы маңызын атап өтті.
Қала әкімдігі тарапынан жер мәселелерін шешу және қажетті құжаттарды рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, оқу корпусы мен спорт залын орналастыру үшін шамамен 0,9 гектар, ал студенттер жатақханасының құрылысына 0,6 гектар жер учаскесі қарастырылған.
Қала әкімі өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында атап өткендей, университеттің ашылуы – жай ғана жаңа білім беру мекемесінің пайда болуы емес. Бұл – жастарға, ғылымның дамуына және өңірдің болашағына бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция.
Жоба Жезқазған жастары үшін ерекше маңызға ие. Болашақта олар туған қаласынан алыстамай, сапалы жоғары білім алуға, қабілеттерін дамытуға, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге және өз өңірінде кәсіби мансабын қалыптастыруға мүмкіндік алады.
Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысының болашағы бүгінгі жас ұрпаққа жасалып жатқан мүмкіндіктермен тығыз байланысты. Білім беру саласын дамыту, ғылымды қолдау және білікті кадрлар даярлау – өңір экономикасының тұрақты өсуі мен мыс өндірісімен танылған өлкенің өркендеуінің маңызды алғышарттары.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









