ҚОПА АУЫЛЫНДА ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

    1 / 14

    Хромтау ауданының Қопа ауылында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

    Іс-шараға Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин, Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

    Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин жаңа бекеттің ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар, бекеттің ашылуына үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Ауыл әкімі Нұрболат Жалтаевқа жаңа өрт сөндіру автокөлігінің кілті берілді.

    Жаңа өрт сөндіру бекеті бес қызметкерге арналған. Нысанда диспетчерлік бөлме, ас үй, санитарлық тораптар, душ бөлмелері және арнайы автокөлікке арналған бокс қарастырылған. Қызметтік бөлмелер кезекшілік атқаруға қолайлы әрі жайлы жағдаймен жабдықталған.

    Бекет өрт сөндіру автоцистернасымен, мотопомпамен және қажетті байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл ауыл аумағында өрт және басқа да төтенше жағдайлар орын алған кезде оқиға орнына жедел жетіп, тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

    Жаңа нысанның іске қосылуы Қопа ауылы мен оған іргелес елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өрт оқиғаларына жедел ден қоюға және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Хромтау ауданы әкімдігі" жаңалықтары