Кәсіпкерлер күні қарсаңында Хромтау ауданында мерекелік шара ұйымдастырылды. Шара аясында жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, қолөнер бұйымдарының көрмесін өткізді.
Көрмеде киізден тоқылған кілемдер, ұлттық нақыштағы киімдер, көпшіктер, тақиялар, қолдан жасалған ойыншықтар, кішкентай қыздарға арналған көйлектер мен сөмкелер қойылды. Аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов көрме экспозициясымен танысып, кәсіпкерлердің жұмыс барысы, өнімдерді әзірлеу ерекшеліктері және кәсіп түрлері туралы сұрап білді.
Іс-шарада аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың аудан экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды.
«Шағын және орта бизнес – экономиканы дамытудың басты күші. Әрбір кәсіп, әрбір іске асқан жоба ауданымыздың өркендеуіне қосылған нақты үлес. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға ерекше мән беріліп келеді. Осы бағытта сіздердің еңбектеріңіз айрықша маңызды», – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, аудан бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2 874-ке жетіп, оның 2 761-і белсенді жұмыс істеп отыр. Биыл шағын және орта бизнестің 30 жобасына жалпы сомасы 5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
Ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіп иелеріне алдағы жұмыстарына табыс, жаңа жобаларына сәттілік тілейміз.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









