Бүгін Алматы облысы Әділет департаментінің Қарасай ауданының ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің қызметкерлері донорлық акцияға қатысып, Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық қан орталығы» МКК-де қан тапсырды.
Аталған бастама донорлық қозғалысты қолдауға, қан қорын толықтыруға және қан мен оның компоненттерін құюды қажет ететін науқастарға көмек көрсетуге бағытталған. Донорлық қан күрделі хирургиялық операциялар кезінде, ауыр сырқаттарды емдеуде, төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетуде, сондай-ақ адам өмірін сақтап қалуда аса маңызды рөл атқарады.
Осындай қайырымдылық іс-шараларға қатысу қызметкерлердің белсенді азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін және қоғам игілігі үшін өз үлесін қосуға деген дайындықтарын көрсетеді.
Өйткені донор болу – жай ғана ерікті әрекет емес, бұл адамға өмір сүруге үміт сыйлаудың, қиын жағдайға тап болған жандарды қолдаудың және дер кезінде көрсетілетін медициналық көмектің арқасында адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берудің нақты жолы.
Әрбір тамшы қан – бір адамның өмірін сақтап қалуға берілген мүмкіндік!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









