Жасөспірімдер саулығы – ортақ жауапкершілік
Жас ұрпақтың денсаулығы – ұлт болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан жасөспірімдерге медициналық көмек көрсетумен қатар, олардың психологиялық саулығын сақтау, репродуктивті денсаулығын қорғау және ерте жүктіліктің алдын алу бағытындағы жұмыстарға да айрықша мән берілуі тиіс. Бұл міндетті нәтижелі жүзеге асыру үшін медицина мамандарының, педагогтердің және тиісті мекемелердің өзара байланысы қажет.
Осы бағыттағы өзекті мәселелер Тараз қалалық №2 емханасын да «Жан Нұр» жастар денсаулық орталығы ұйымдастырған «Жастар денсаулығы – ұлт болашағы: мектеп пен жастар денсаулық орталығының өзара ынтымақтастығы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде талқыланды.
Жиынға Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Терлікбаева және білім беру, құқық қорғау және жастар саясаты салаларының өкілдері, отбасын қолдау және дағдарыс орталықтарының мамандары мен қала мектептерінің өкілдері қатысты. Басқосуды емхананың бас дәрігері Жеңіс Тойшыбекова ашып, жастар денсаулығын қорғауда мекемеаралық байланыстың маңызын атап өтті.
Бүгінде өңірде жастарға медициналық-профилактикалық көмек көрсететін 8 денсаулық орталығы жұмыс істейді. Олар 10–29 жас аралығындағы жастарға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 29 жасқа дейінгі жастар кешенді медициналық тексеруден тегін өте алады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









