Жамбыл облыстық ауруханасында заманауи технология таныстырылды

    Жамбыл облыстық ауруханасында заманауи технология таныстырылды

    Қан тамырларындағы өзгерістерді дәл анықтау – емдеу тактикасын таңдаудағы маңызды қадам. Осы бағыттағы диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында SonoScape компаниясының тамырішілік ультрадыбыстық зерттеуге (IVUS) арналған жабдықтарының таныстырылымы өтті.

    Іс-шараны аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұлов ашты. Таныстырылымға Қытай Халық Республикасының Шэньчжэнь қаласынан келген SonoScape компаниясының өнім менеджері LEI LEI қатысты.

    Кездесуде жаңа технологияның теориялық мүмкіндіктері таныстырылып, оны клиникалық тәжірибеде қолдану жолдары көрсетілді. Тамырішілік ультрадыбыстық зерттеу қан тамырының ішкі құрылымын бағалап, қабырғасындағы өзгерістер мен зақымдану сипатын нақтылауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе коронарлық артерияларды зерттеу және эндоваскулярлық емдеу кезінде маңызды.

    Таныстырылымның практикалық бөлімінде аурухананың рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Берікбек Керімқұлов төрт пациентке зерттеу жүргізді. Бір пациенттің шеткері қан тамырлары, үш пациенттің коронарлық артериялары тексерілді. Зерттеу нәтижесінде үш пациентке коронарлық артерияларды стенттеу жасалды.

    Мұндай тәжірибелік таныстырылымдар медициналық мамандардың заманауи технологияларды меңгеруіне және оларды клиникалық жұмыста қолдану мүмкіндіктерін бағалауына жағдай жасайды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы" жаңалықтары