Мойынқұмның мерейін асырған қуанышты жаңалық! Мыңарал ауылының тұрғындары – Теңізбаевтар балықшылар отбасы «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауында республика бойынша үздік 20 отбасының қатарына енді. Адал еңбекті арқау етіп, ұрпақ тәрбиесінде өнеге көрсеткен әулет Астанада өткен салтанатты рәсімде марапатталды.
Еліміздің әр өңірінен еңбекқорлығымен, береке-бірлігімен және отбасылық құндылықтарға беріктігімен танылған шаңырақтар бас қосқан байқауда Теңізбаевтар отбасы Жамбыл облысының абыройын асқақтатты. Бұл жетістік – бір әулеттің ғана емес, Мыңарал ауылы мен бүкіл Мойынқұм жұртшылығының ортақ қуанышы.
Балқаштың жағасында тіршілік кешкен Мыңарал халқы үшін балықшылықтың орны бөлек. Төзім мен табандылықты, жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап ететін осы кәсіпті өміріне серік еткен Теңізбаевтар отбасының республикалық деңгейде танылуы адал еңбектің қадірін айшықтай түсті. Күнделікті тіршілігімен кейінгі буынға үлгі болып жүрген балықшылар әулетінің жеңісі ауылдағы еңбек адамдарына көрсетілген құрмет ретінде де бағалы.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының басты мұраты – ата дәстүрді сақтап, ұрпаққа өнегелі тәрбие берген, сыйластық пен татулықты шаңырағының тірегіне айналдырған отбасыларды көпшілікке таныту. Биылғы жеңімпаздар қатарында көпбалалы және бала асырап алған отбасылар, еңбек пен өнер жолын ұрпақтан ұрпаққа жалғаған әулеттер, туған жерінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар бар. Осындай отбасылардың арасынан мыңаралдық әулеттің де лайықты орын алуы – зор мәртебе.
Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Рәсім барысында отбасының рухани құндылықтарды сақтаудағы, еңбекке құрмет пен адамгершілік қасиеттерді бала бойына сіңірудегі орны ерекше атап өтілді. Өнегелі әулеттердің өмір жолын кеңінен танытудың жас ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор екеніне назар аударылды.
Байқау қорытындысында жеңімпаз атанған 20 отбасының әрқайсысына естелік мүсінше мен 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Солардың қатарында Теңізбаевтар отбасы да лайықты марапатына ие болды.
2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына осы уақытқа дейін еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Жыл сайын өнегелі шаңырақтарды елге танытатын бұл байқау ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және отбасылық дәстүрлерді дәріптеуге қызмет етіп келеді.
Теңізбаевтар отбасының жеңісі – адал еңбек пен берік бірліктің, өнегелі тәрбиенің жемісі. Мойынқұмның мерейін өсіріп, Мыңаралдың атын республикаға танытқан әулетті лайықты жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Шаңырақтарына шаттық, отбасыларына амандық, еңбектеріне береке тілейміз!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









