Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
2027 жылдан бастап Бөрлі ауданына қарасты Облавка ауылының тұрғындары үшін ауыз судың құнын 1 текше метріне 632,7 теңгеден 150,8 теңгеге дейін төмендету жоспарлануда.
Бұл шара ауылдың сумен жабдықтау жүйесін ауыз су беру қызметтерінің құны мемлекеттік субсидиялауға жататын жүйелер тізбесіне енгізу есебінен жүзеге асырылмақ.
Нәтижесінде ауылдың 222 тұрғыны үшін ауыз су тарифі шамамен 76%-ға төмендейді. Бұл тұрғындардың коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 405 ауылдық елді мекен бар. Оның 362-сі орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 78 елді мекен кешенді блок-модульдер арқылы, ал 5 елді мекен қалалық сумен жабдықтау жүйелері арқылы ауыз су алады.
Қазіргі уақытта облыстағы 213 ауылдық елді мекенде ауыз су беру қызметтерінің құны мемлекет тарапынан субсидияланады. Оның ішінде 168 елді мекен жергілікті су құбырлары, 45 елді мекен топтық су құбырлары арқылы сумен қамтамасыз етіледі.
Аталған шаралар ауыл тұрғындары үшін ауыз судың қолжетімділігін арттыруға және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.





