Аттракциондарды пайдалануға енгізу және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары
Балалық шағымызда бәріміз мәдениет және демалыс саябақтарына барып, әткеншек тебуді, «шолу дөңгелегінен» айналаны тамашалауды жақсы көрдік. Ал батылырақ болғандар ұшқыштар мен ғарышкерлерді даярлауға арналған құрылғыларды біршама еске түсіретін аттракциондарда өздерінің тепе-теңдік аппаратын сынап көретін. Сонымен қатар, қазіргі заманғы ойын-сауық индустриясының әлдеқайда алға кеткенімен ешкім дауласпайды. Ұсынылып отырған аттракциондар тек көңіл көтеріп қана қоймай, адам денсаулығына елеулі зиян келтіруі мүмкін. Бұл қауіп ересектерге де, балаларға да қатысты. Сондықтан қазіргі уақытта аттракциондардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше әрі аса жауапкершілікпен қарау қажет. Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» Заңының 32-бабына сәйкес: Міндетті сәйкестікті растауға (сертификаттауға немесе декларациялауға) жататын өнімді нарықта айналымға шығарудың қажетті шарты – оның техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігі болып табылады және бұл сәйкестік белгіленген тәртіппен расталуға тиіс. Міндетті сәйкестікті растаудан өтпеген өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және өткізуге тыйым салынады. Міндетті сертификаттауға жататын және Қазақстан Республикасында сертификаттаудан өтпеген өнімді жарнамалауға жол берілмейді. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 18 қазандағы №114 шешімімен Еуразиялық экономикалық одақтың «Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті (бұдан әрі – Техникалық регламент) қабылданған. Аталған Техникалық регламент адам өмірін және (немесе) денсаулығын, мүлікті, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ тұтынушыларды жаңылыстыруға әкеп соғатын әрекеттердің алдын алу мақсатында аттракциондардың және олармен байланысты жобалау, дайындау, монтаждау (құрастыру, орнату), баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау және кәдеге жарату процестерінің қауіпсіздігіне қойылатын ең төменгі қажетті талаптарды белгілейді. Осы Техникалық регламент балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтарға, әлеуетті биомеханикалық тәуекел дәрежесі өте төмен (RB-4) аттракциондарға, сондай-ақ осы Техникалық регламент күшіне енгенге дейін дайындалып, пайдалануға берілген аттракциондарға қолданылмайды. Осы Техникалық регламент күшіне енгенге дейін дайындалған және пайдалануға берілген аттракциондарды пайдалану мүмкіндігі мен шарттары Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының міндетін атқарушының 2019 жылғы 10 маусымдағы №241-од бұйрығымен аттракциондардың қауіпсіздігі саласындағы СТ РК 3359-2019 «Аттракциондарды пайдалануға енгізу және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары» ұлттық стандарты (бұдан әрі – Стандарт) бекітілген. Аталған Стандарт аттракциондарға келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аттракциондар мен үрлемелі жабдықтарды техникалық күтіп ұстауға және олардың апатсыз пайдаланылуына қойылатын негізгі ұйымдастырушылық және техникалық талаптарды белгілейді. Осы Стандартты әзірлеуші – Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті. Стандарт халықтың демалуына арналған аттракциондарға қолданылады және олар келесі түрлерге бөлінеді: * механикаландырылған ілгерілемелі қозғалыстағы аттракциондар (оның ішінде суды пайдалана отырып); * механикаландырылған айналмалы қозғалыстағы аттракциондар; * механикаландырылған күрделі қозғалыстағы аттракциондар; * автодромдар мен картингтер; * механикаландырылмаған аттракциондар; * балаларға арналған аттракциондар; * үрлемелі аттракциондар (үрлемелі жабдықтар: үрлемелі батуттар, сырғанақтар, лабиринттер). Пайдаланылып отырған аттракциондардың қауіпсіздік жағдайына жалпы басшылық жасау және жауапкершілік меншік нысанына қарамастан, аттракцион иесіне немесе оны пайдаланушы ұйымның басшысына жүктеледі. Олар Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Стандарттың талаптарына сәйкес қажетті ұйымдастырушылық және техникалық қауіпсіздік шараларын жүргізу арқылы келушілер мен аттракциондарға қызмет көрсететін персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осы Стандартта жергілікті атқарушы органда (бұдан әрі – ЖАО) тіркеу тәртібі және аттракциондарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етудің 5 кезеңі қарастырылған, атап айтқанда: * монтаждау (құрастыру және орнату), баптау және реттеу жұмыстарын жүргізу (өндірушінің ұсынымдарына сәйкес); * техникалық куәландыру; * ЖАО-да есепке қою; * пайдалануға жіберу; * пайдалану. Аттракционды монтаждау және баптау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы қызмет түрін жүзеге асыруға лицензиясы (рұқсаты) бар мамандандырылған монтаждау ұйымдары арқылы жүргізілуі тиіс. Монтаждау жұмыстары басталғанға дейін аттракцион иесі оның конструкциялары мен жабдықтарының жай-күйі мен толық жинақталғанын бағалау мақсатында тексеру жүргізеді, сондай-ақ монтаждау жұмыстарын жүргізген ұйыммен бірлесіп аттракционның техникалық дайындығы туралы акт жасайды. Монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін аттракционды пайдалануға қабылдау актісі жасалады және оған сынақтар мен өлшеулер хаттамалары қоса беріледі. Техникалық куәландыру Аттракцион иесі немесе пайдаланушы ұйымның басшысы аттракционның белгілі бір мерзім ішінде одан әрі қауіпсіз пайдаланылу мүмкіндігін анықтау мақсатында оның техникалық жай-күйін тексеру бойынша кешенді жұмыстар жүргізу үшін аккредиттелген зертханаларға және сәйкестікті растау жөніндегі органдарға жүгінеді. Алматы қаласы және Қазақстан Республикасы бойынша аккредиттелген сәйкестікті растау органдары мен сынақ зертханаларының тізімі www.nca.kz сайтында көрсетілген. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша аттракцион иесіне немесе пайдаланушы ұйымның басшысына сынақ хаттамасы беріледі. Аттракционды ЖАО-да есепке қою Стационарлық және жылжымалы аттракциондар елді мекендердің шекарасы шегінде ЖАО-да есепке қоюға жатады. Аттракционды тұрақты немесе уақытша есепке қою, сондай-ақ қайта тіркеу үшін аттракцион иесі немесе пайдаланушы ұйым ЖАО-ға есепке қою үшін қажетті құжаттарды ұсынады. ЖАО-да ұсынылған құжаттар белгіленген тәртіппен қаралады және олар осы Стандартта көрсетілген талаптарға сәйкес келген жағдайда аттракцион есепке қойылады. Аттракцион паспортына берілген тіркеу нөмірі көрсетілген жазба енгізіліп, лауазымды тұлғаның қолы қойылады. Аттракциондарды пайдалануға жіберу Стационарлық аттракционды монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін пайдалануға жіберер алдында, аттракцион иесі толық техникалық куәландыру жүргізілген соң, әдетте оны қабылдау жөніндегі комиссия құрады. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша аттракционды пайдалануға қабылдау актісі рәсімделіп, комиссияның барлық мүшелері қол қояды. Комиссия жұмысына қатысқан ЖАО-ның лауазымды тұлғасы (аталған органда есепке қоюға жататын аттракциондар бойынша) немесе меншік иесінің уәкілетті өкілі қабылдау актісінің негізінде аттракционды пайдалануға жіберуді жүзеге асырады. Аттракцион осы Стандарттың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда оны пайдалануға жіберуге жол берілмейді. Осы Стандартқа сәйкес елді мекендердің шекарасы шегінде аттракциондарды қауіпсіз пайдалануға мемлекеттік бақылауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енеді. Аталған өзгерістерге сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдіктерінің құзыретіне аттракциондар мен балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтарды қауіпсіз пайдалануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру функциясы енгізіледі.