Батыс Қазақстан облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде
Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі міндеттерді іске асыру аясында Батыс Қазақстан облысында жылумен, сумен жабдықтау, су бұру және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
2025–2026 жылдары облыста жалпы құны 70,4 млрд теңгені құрайтын 35 инфрақұрылымдық нысанды жаңғырту жұмыстары қамтылды.
Аталған жұмыстарды қаржыландыру «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында – 37,9 млрд теңге, республикалық бюджеттен – 20 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 6,5 млрд теңге және кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 6 млрд теңге көлемінде көзделген.
Жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 24,7 млрд теңгеге 9 нысанды жаңғырту және 26,2 шақырым жылу желісін жаңарту жұмыстары қамтылды. Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін 51%-дан 47%-ға, ал жылу электр орталығы жабдықтарының тозуын 89%-дан 83%-ға дейін төмендету көзделген.
Сумен жабдықтау және су бұру салаларында жалпы құны 31 млрд теңгені құрайтын 10 нысан мен 48,1 шақырым инженерлік желіні жаңғырту жұмыстары қамтылды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде су құбыры желілерінің тозуын 62,3%-дан 59%-ға, ал су бұру желілерінің тозуын 62,8%-дан 59%-ға дейін төмендету жоспарлануда.
Электрмен жабдықтау саласында 26,8 млрд теңгеге 17 нысан бойынша 1 528 шақырым электр желісін салу, реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар электр желілерінің тозу деңгейін 78,8%-дан 68,2%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жалпы, аталған жобалар коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, инженерлік желілердің тозуын азайтуға, апаттық жағдайлардың алдын алуға және тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасатын болады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.





