5 қарашада Павлодар облыстық М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Жетістік.fm: Мүмкіндіктер мекені – кішкентай қадамдардан үлкен жетістіктерге!» атты көшбасшылық мектебінің қорытынды іс-шарасы өтті.
Басқосу Павлодар ауданының барлық мектептерінен келген 80 қатысушының басын қосты. Олардың қатарында аға тәлімгерлер, мектеп президенттері, еріктілер және бастауыш сынып оқушылары бар.
Іс-шараның басты мақсаты – балалардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту, бастамашылдығын арттыру, өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасау және жаңа идеяларды нақты іске айналдыруға ынталандыру.
Бағдарлама төрт тақырыптық алаң бойынша ұйымдастырылды.
«LEADER LAB: Идеядан іске!» алаңында мектеп президенттері көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, тың идеяларды жүзеге асыруға және мектеп өміріне белсенді араласуға бағытталған тапсырмаларды орындады.
«PRO-Контакт: Тиімді қарым-қатынас практикумы» қатысушылардың өзара түсіністік, тиімді коммуникация және командада жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге арналды.
«Ізгі идеядан нақты іске!» еріктілерге арналған интерактивті ойын форматында өтті. Қатысушылар қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыру жолдарын талқылап, еріктілік қызметтің қоғамдағы маңызын саралады.
«Кішкентай көшбасшылар – үлкен мүмкіндіктер!» алаңында бастауыш сынып оқушылары достыққа, шығармашылыққа және өзара көмекке негізделген ойындар мен тапсырмалар арқылы көшбасшылықтың алғашқы қадамдарын жасады.
Іс-шараның қорытынды кезеңінде «Адал азамат» құндылықтарына негізделген ортақ рефлексия ұйымдастырылды. Қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, жинақтаған білімдері мен тәжірибелерін саралап, алдағы жұмыстарына жаңа мақсаттар белгіледі.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – тәжірибені одан әрі таратуға бағытталған әдістемелік материалдардың ұсынылуы. Әр қатысушыға төрт тақырыптық алаңның тапсырмалары, практикалық әзірлемелері мен әдістемелік ұсынымдары жинақталған QR-код берілді.
Ендігі міндет – алынған тәжірибені өз білім беру ұйымдарында жалғастыру, осындай форматтағы іс-шараларды өткізу және нәтижелерін әлеуметтік желілерде жариялау.
«Жетістік.fm» – балалардың көшбасшылық әлеуетін ашуға, ізгі бастамаларын қолдауға және кішкентай қадамдар арқылы үлкен жетістіктерге жетуге жол ашатын тәжірибе алаңы.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









