Ұлытау облысының әкімі Сәтбаев қаласының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді

    1 / 9

    Сәтбаев қаласында Ұлытау облысы әкімінің тұрғындармен есептік кездесуі өтті. Жиында қала инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және әлеуметтік нысандар салу мәселелеріне баса назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар өтініш бақылауға алынып, жауапты басшыларға көтерілген мәселелерді пысықтау тапсырылды. Бұл туралы облыс әкімі Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

    Ашық диалог барысында тұрғындар қала үшін өзекті мәселелерді, соның ішінде автомобиль жолдарының жай-күйі, коммуналдық қызметтердің сапасы, қоғамдық орындарды абаттандыру және әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігіне қатысты сұрақтарды көтерді.
    Сәтбаев қаласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – инженерлік желілерді жаңғырту. Қазіргі уақытта сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңартуға бағытталған төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта кәріз-тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту да көзделіп отыр.
    Тағы бір ауқымды жоба қаланы газдандыруға байланысты болды. Жоба аясында 118,8 шақырым газ желісін салу жоспарланған. Ол жүзеге асырылғаннан кейін 2,7 мыңнан астам жеке тұрғын үй, сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындар табиғи газбен қамтылады.
    Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен қалалық аурухана жанынан травматологиялық пункт салу жоспарланған. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, биыл жаңа орталықтандырылған кітапхананың құрылысын бастау көзделіп отыр.
    Алдағы жоспарлардың тағы бір бағыты – жол инфрақұрылымын дамыту. Келесі жылы қаланың 20 көшесіндегі 17 шақырымнан астам жолға орташа жөндеу жүргізілмек. Сондай-ақ жаңа бағдаршамдар орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін жайластыру және үш жылы аялдама салу жоспарланған.
    Қаланы одан әрі абаттандыру аясында аула аумақтарын жаңарту, балалар ойын алаңдарын орнату, суару жүйесін дамыту және ағаш отырғызу жоспарға енгізілген. Тұрғын үй құрылысы бағытында да жаңа жобалар белгіленген. Атап айтқанда, 2027-2028 жылдары 20 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр.
    «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз», – деп атап өтті Есет Байкен әлеуметтік нысандар салу жоспарлары туралы айта келе.
    Кездесу қорытындысы бойынша тұрғындардан түскен барлық өтініш назардан тыс қалмады. Салалық ведомстволардың басшыларына қажетті шаралар қабылдау тапсырылды. Қосымша қаржыландыру мен уақытты талап ететін мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады.
    «Кездесу барысында көтерілген барлық мәселе назарға алынып, тиісті жұмысқа қабылданды. Жауапты басшыларға айтылған мәселелерді шешу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырдым. Қосымша уақыт пен қаржыландыруды талап ететін өтініштер кезең-кезеңімен қаралатын болады», – деп атап өтті өңір басшысы.
    Есептік кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылып, облыс әкімі тұрғындардың жеке өтініштерін қарады.
    «Сәтбаев қаласының тұрғындарына белсенділігі, сындарлы ұсыныстары және ашық диалог үшін алғыс білдіремін. Қаланы дамыту және өзекті мәселелерді шешу бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастырамыз», – деп жазды Есет Байкен.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының әкімдігі" жаңалықтары