Ұлытау облысында полиция қызметкерлері жауапты мекемелермен бірлесіп, жол қызметтерінің қысқы маусымға дайындығын тексерді. Қолайсыз ауа райы жағдайында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға назар аударылды. Бұл туралы Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тексеру барысында қар тазалайтын арнайы техникалардың техникалық жай-күйі, жанар-жағармай материалдары мен көктайғаққа қарсы қолданылатын қоспалардың қоры қаралды. Сонымен қатар жолдарды қардан тазарту және көктайғақтың алдын алу жұмыстарының ұйымдастырылуы зерделенді.
Бірлескен тексеруге облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар, «ҚазАвтоЖол» және «Қазсервис» мекемелерінің өкілдері қатысты.
Полиция департаменті жүргізушілерді көлік құралдарын қысқы маусымға алдын ала дайындауға, жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жолдардың жай-күйін ескеруге шақырады.
Әсіресе, қар жауып, көктайғақ қалыптасқан кезде жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау маңызды екенін ескертеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









