«Заң мен тәртіп»: Сәтбаевта балалар қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

    1 / 6


    Сәтбаев қаласында «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігі» тақырыбында жалпықалалық ата-аналар жиналысы өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

    Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жиынға қала әкімдігі, прокуратура, полиция, төтенше жағдайлар қызметі және білім бөлімінің өкілдері қатысты.
    Кездесуде балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелері қаралды.

    Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне жол бермеу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының, өртке байланысты қауіп-қатерлердің және балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу шаралары талқыланды.
    Жиын барысында қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, нақты өмірлік жағдайлар негізінде ата-аналардың жауапкершілігі мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары қарастырылды.

    Қатысушылар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналар, білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары және қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының әкімдігі" жаңалықтары